Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәстүрлі ән орындаған көкшетаулық әнші автокөлік ұтып алды

Дәстүрлі ән орындаған көкшетаулық әнші автокөлік ұтып алды



Қазақстанның мәдени астанасы - Көкшетау қаласында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның айбозы» дәстүрлі ән орындаушылары арасындағы І республикалық байқау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық мәдениет басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, байқаудың іріктеу кезеңіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және Қазақстанның 5 облысынан (Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола) 20 дәстүрлі ән орындаушы қатысты. Конкурсқа қатысушылардың өнерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақ ән шығармашылығын зерттеуші Еркін Шүкіманов, Ақмола облысының халық шығармашылығын насихаттаушылар мен әртістері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, мәдениет саласының үздігі Саян Мұхамедьяров, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының солисі Сәрсенбай Хасенов пен ақын Қуаныш Оспан бағалады. Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның айбозы» атты бірінші республикалық дәстүрлі әншілер байқауына белсенді қатысқаны үшін, ұйымдастыру комитетінің дипломы және 100 мың теңге ақшалай сертификатпен Сәкен Әлімханов, Біржан Айтахметов және Фархат Жәкіш (Нұр-Сұлтан қаласы), Нариман Әбдірахманов (Алматы қаласы), Тәттімбет Хабдыразах (Шымкент қаласы), Азат Әбдіғалым (Қарағанды облысы), Біржан Есжанов (Солтүстік Қазақстан облысы), Шыңғыс Сәрсенбай және Аслан Мұхамедияр (Ақмола облысы) марапатталды. Үздік өнер көрсеткені үшін, ұйымдастыру алқасының 3-ші дәрежелі дипломы және 600 мың теңге ақшалай сертификатпен Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Еркебұлан Қарыпов марапатталады. 2-ші дәрежелі дипломы және 800 мың теңге ақшалай сертификатпен Нұр-Сұлтан қаласынан Өзгеріс Шерікбай, 1-ші дәрежелі дипломы және 1 миллион теңге ақшалай сертификатпен Нұр-Сұлтан қаласының тағы өкілі Алуа Қалымбекова марапатталады. Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның айбозы» тұңғыш республикалық дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсеткені үшін, бас жүлде – жеңіл автокөлік сертификатымен көкшетаулық Бауыржан Нұрмұхан марапатталады. «Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның айбозы» дәстүрлі ән орындаушылары арасындағы І-ші республикалық байқау дәстүрлі ән өнерін дәріптейтін маңызды іс-шаралардың бірі болды, өйткені дарынды әнші Қажыбай Жахин есімі, оның әсем дауысы, орындау мәнері мыңдаған тыңдарман мен қазақ ән мәдениетін сүйетіндердің есінде және жүрегінде қалды», - деді Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

https://www.inform.kz​​​
19 қараша 2021 ж. 916 0