ӘДЕМІ ҚАРТАЙҒАН ӘЖЕ
Жалғанның жайлы төрінде тұрақтап қалған ешкім жоқ. Десе де ұл-қызының шаттығына бөленіп, немересін жетектеп, шөбересіне елпектеп, ұрпағының қуанышын ұзағынан көруді кім қаламасын? Халқымыз көп жасаған жанды «сүйегі асыл екен», «жаратқанның назары түскен пендесі екен» деп жатады. Кейінгіге ұлағатын айтып, әдемі қартаю әрбір адам баласының арманы.
Жапырағын кеңге жайған мәуелі бәйтеректей абыз ананың бірі Клара Құрымбаева – өзін дүниедегі ең бақытты жан деп есептейді. Сегіз баланы өмірге әкелген батыр ана тағдыр жолында бар мен жоқты тел емді. Қатал тұрмыстың қақаған аязын да, арайлы күндердің шаттық пен шуағын да көрді. Тағдыр оны ата-анасынан ерте айырды. Балалық шағы соғыс жылдарымен қатар келген ол, нағашы ағасы Төлегеннің қолында тәрбиеленді. Ағасы қатарынан кем қылмады, оқытты, бухгалтерлік білім алуға ықпал жасады. Оқу орнын аяқтаған бойжеткен қыз Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында есепші болып қызметке орналасады. Сөйте жүріп шиелілік Яхия есімді азаматпен шаңырақ көтереді. Отағасының бабын жасап, дүниеге ұрпақ әкелуді басты парызы санаған Клара әже осы кезде мансабынан бас тартады. Лауазымды қызметін өзі келін болып түскен Ақмая ауылындағы балабақша тәрбиешілігіне айырбастайды. Дүниеге 2 ұл, 6 қыз әкеліп, олардың білімді, тәрбиелі болып өсуіне, өзі сезініп үлгермеген ана мейіріміне қанығуына бар күш-жігерін арнайды. Төсек тартып жатқан ененің жағдайын жасау, ерінің разылығын алу, үй шаруасы мен бау-бақшаны баптау да қырықжанды ананы қажытпады. «Қиын күндердің бәрі де көрген түстей артта қалды» деген әже бүгінде он беске тарта немере-шөберенің ортасында отырғанда рахатты жан-тәнімен сезініп, көзіне қуаныштан жас алады. Ақ жаулықты анамен әңгімелесіп отырып тағдырдың соншама теперішін көре тұра қажымаған, әр айтқан сөзі өнегеге толы, шынында да сүйегі асыл жан ғой деп таңырқайсың. Ол өткен күндерінің естелігін шежіредей шертеді. – Адамды адам қылатын адал еңбек пен жақсы мінез. Қандай қиындық келсе де уайымға берілмеу керек. Өмірдің қуанышын да қиыншылығын да елмен бірге көрдік. Көптің тілеуі жақсы болады. Ынтымақ бар жерде, ырыс бар. Біз көрген қиыншылықтарды ұрпағымыз көрмесе екен. Заманың бейбіт болса, жұмақ деген сол. Халқымыз, еліміз аман болсын, – дейді Клара Құрымбаева. Әулетінің ақылшысы, немере-шөберелерінің сүйікті әжесі бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Құдайға құлшылығын жасап, аузынан шүкірін тастамайтын ақ жаулықты қария ұлқыздарын үнемі адал жүріп-тұруға үндейді. Шаңырағының шамшырағына айналған, өмірі өнегелі, құрсағы алтын аналар қашанда ұлтымыздың ұйытқысы болып қала бермек.
Гүлхан ЯХИЯ