Күзгі науқан қызып тұр
Ала жаздай еңбек еткен шиелілік шаруалар ауылшаруашылық өнімдерін шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісіп кетті. «Қыстың қамын жаз ойлаған» еңбек адамдары әрбір шуақты күнде қамданып қалуға барын салуда.
Ауданда жиын-терім жұмысы қарқынды. Қазір диқандар 31 мың 799 гектарға егілген дақылдан өнім жинау үстінде. 13 мың гектар Сыр маржанының тең жартысы қамбаға құйылып, 5387 гектары бастырылып үлгерді.
Ауданда жиын-терім жұмысы қарқынды. Қазір диқандар 31 мың 799 гектарға егілген дақылдан өнім жинау үстінде. 13 мың гектар Сыр маржанының тең жартысы қамбаға құйылып, 5387 гектары бастырылып үлгерді.
– Биыл күріштен орта өнім гектарына 53 центнерді құрап, дәл қазір 28 551 тонна астық қамбаға құйылды. Жинау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, дақылдарды әртараптандыру бағытында егілген 913 гектар күздік бидайдан 1370 тонна, 573 гектар жаздық бидайдан 287 тонна, 90 гектар арпа дақылынан 50 тонна және 910 гектар мақсарыдан 728 тонна өнім жиналды. 50 гектар күнбағыстан 175 тонна, 264 гектар тарыдан 924 тонна, 125 гектар дән жүгеріден 444 тонна, 590 гектар сүрлем жүгерінің бүгінде 90 гектары жиналып 320 тонна өнім алынды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.
Әлемде астықтың тұтынушылары миллиардтап есептеледі. Әртүрлі дәнді-дақылдар дүниежүзінде күнделікті рационның ажырамас бөлігі. Сондықтан оның өндірісі де, саудасы да артып жатқаны заңдылық. Бизнеске қызығушылық танытқан жерде ғылым мен технологияның дамуы да орынды. Сол себептен де болар, ауыл шаруашылық технологиялары жыл өткен сайын қолайлы және қолжетімдірек болып келеді. Органикалық процестерді бақылау, оған әсер ету, инновациялық аппараттар мен машиналар, автоматтандырылған жүйелер, заманауи жабдықталған арнайы көліктер және астықты кептіру мен сақтаудың жаңаша технологиялары көптеген мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Қазақстан да бұл процестерден қалыспайды. Жері үлкен мемлекет ретінде егіншілікпен айналысатын шаруалар жетерлік. Алқаптарда заманға сай технологиялар саны артып келеді. Мәселен биылдың өзінде 80 мыңнан аса халқы бар Шиеліге 2 комбайн, 32 трактор және 3 жүк тиегіш, барлығы 37 дана жаңа техника әкелінді. Демек бір ғана ауыл шаруашылығы көліктерінен ауданға 1,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды деген сөз.
Шиелілік диқандар дәнді дақылдан бөлек көкөніс егу жұмыстарын да жүйелеген. Мәселен ағымдағы жылы 5267 гектарға егілген картоп, көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы Мұрат Шайтмағанбетұлы:
– Аудандағы егін алқаптарына егілген 996 га картоптың бүгінде тең жартысы жиналып, 7470 тонна, 1832 гектар көкөніс дақылдары толық жиналып 45800 тонна және 2439 гектар бақша дақылдарынан 69512 тонна өнім алынды. Сондай-ақ 7447 гектар ескі жоңышқаның үшінші орымын ору жұмыстары аяқталуда. Жалпы 28 988 тонна шөп жиналды, – дейді.
Науқан алдында күзгі дала жұмыстарына жан-жақты дайындық жасалған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті көлемде дизель отынын жеткізу жұмыстары да жолға қойылған. Бұл туралы бөлім басшысы:
– «Госагро» порталы арқылы арзандатылған 1138,0 тонна дизель отынына сұраныс Үкіметі тарапынан қолдау тапты. Оны жеткізуші болып «РК-мұнай» ЖШС таңдалды. Арзандатылған жанар-жағар майдың бір литрі – 250 теңге болып бекітілді. Бүгінде 25 шаруа қожалық 500 тонна дизель отынын алды, – дейді.
Осылайша қойнауы құтқа, қамбасы миллион пұт астыққа толған Шиелі ауданының еңбеккерлері күзгі науқанды аяқтауға таяу. Ақ күріштен тау тұрғызып, төрт-түліктен өнім өндіріп отырған аудан шаруалары дала жұмысы десе тайлы-тұяғы қалмай жұмылады. Себебі еңбекақы маңдай ердің өтемі тек еңбекте екенін олар жақсы сезінеді. Талайлар ән-жырын арнаған «Сыр сұлуын» күтіп-баптап өсірген аруларын күзде құтты орнына қондыруға аз қалған шиеліліктер келер жылдың дала жұмысына жан-жақты дайындалмақ ниетте. Одан бөлек, енді төрт-түліктерін қыстан қоңды шығару үшін мал азығын жеткізуге қам-қарекет жасауда. Осының бәрі өңірдегі астық өнімділігін арттыруға өз септігін тигізуде.
Гүлхан ЯХИЯ