Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес күзгі шақыру қыркүйекте басталып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасады, деп жазады Egemen.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар шақырылады.
Күзгі шақыру барысында Қарулы күштердің (9 933), Ұлттық ұланның (6 822), ҰҚК Шекара қызметінің (3 200), ТЖМ (317) және Мемлекеттік күзет қызметінің (290) бөлімшелері жасақталады.
Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды есепке алу жұмысын цифрландыру жұмыстарын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Әскерге борышын өтеуге шақырылған әскери қызметшілер туралы мәлімет алмасу, сондай-ақ оларды запасқа шығару автоматтандырылған.
«Биыл сарбаздарға арналған артықшылықтар заң жүзінде бекітілді. Оларға қызмет ету кезінде және әскерден босатылғаннан кейін екі ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам әскери қызметшінің 1 млрд 828 млн теңге сомасындағы төлемдері кейінге қалдырылды. Сонымен қатар кредиттің болуын не болмауын, ол бойынша төлемді кейінге қалдыруды белгілеу Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындаған тәртіппен Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролар мен кредиторлардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-әрекеті арқылы жүзеге асырылады», делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беру жеңілдіктері де қарастырылған. Бүгінгі таңда әскерде қызмет еткен мың жарымнан астам азамат жоғары оқу орындарына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түсті. Осы жылдың көктемінде запасқа шығарылған 400-ден астам әскери қызметші келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасты.
«Президенттің тапсырмасы бойынша Қарулы күштер мемлекеттік үлгідегі куәліктерді бере отырып, әскери қызметшілерді аралас жұмысшы мамандықтарына оқытты. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да айтылып, 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Жыл сайын жұмысшы мамандықтарының саны да артып келеді. 2023 жылы 1200-ге жуық маман оқытылды. Биылғы жылы 1300-ден аса адамды оқыту жоспарланып отыр», дейді ведомство өкілдері.
Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдерінің орынбасарларының төрағалығымен жұмыс істейтінін айта кету маңызды. Шақыру науқаны барынша ашық форматта өткізіледі.
Әскерге шақырылушылар, олардың ата-аналары, журналистер, қоғам өкілдері қажетті ақпаратқа жүгініп, барлық сұрақтарға жауап ала алады. Әр қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «жедел желі» мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттар іске қосылған.