Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АБАЙ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МЫЗҒЫМАС ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

АБАЙ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ МЫЗҒЫМАС ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Бүгін Абай күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Абай – Ұлы даланың мызғымас темірқазығы» атты мерекелік концерт өтті.
Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Алмат Алдабергенов, зиялы қауым өкілдері мен Абай мұрасын дәріптеген қалың көрермен жиылды. Концерттік бағдарлама ауданның мәдениет майталмандарының орындауындағы театрландырылған қойылыммен ашылып, мұнан соң Алмат Әбдуәзизұлы жиылған көпшілікті ақыл-ойдың асқары, Алаш бағдар тұтқан хәкім «Абай күні» мерекесімен құттықтады.
– Абай күні – қазақтың ізгілік пен ізденіс, өркениет пен жаңғыру жолына басқан тағы бір айқын қадамы. Хәкім Абайдың бай мұрасын, дана болмысын, дара тұлғасын асқақтату, жаңа биікке шығару бір күнге байланып қалмасы белгілі. Дегенмен бас ақынға дербес күн белгілеуді күллі қазақтың ұзақ күткені анық. Қазақтың ұлықтар ақыны мен абызы көп. Десе де ең алдымен Алаш баласының рухани құбыласы, халқымыздың ең ұлы перзенті мен ең дана ұстазына айналған Абайды құрметтеу негізгі міндетіміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хакім Абай - ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде Абай өсиетінің маңызы зор. Адал азамат ұғымы ұлы ақынның "толық адам" тұжырымынан бастау алады. Біз Абай мұрасын насихаттауды жалғастыра береміз» деп, Жаңа Қазақстанның даму жолындағы Абай философиясының ерекше орын алатындығын айтқан болатын. Сондықтан күллі қазаққа аты қадірлі, сөзі мен сыны қымбат, Алаштың ақылманы, қазақ әдебиетінің түп бастауы болған Абайға қандай құрмет көрсетілсе де лайық, – деді Алмат Әбдуәзизұлы. Мұнан соң, аудан өнерпаздары қалың көрерменнің назарына Абай шығармашылығынан бірқатар қойылымдар үсынып, әсем әннен шашу шашты.
Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
09 тамыз 2024 ж. 105 0