ТҰТЫНУШЫЛАР ТАРАПЫНАН 200-ГЕ ЖУЫҚ ӨТІНІШ ТҮСКЕН
Біз сауда орындарына барып, сауда жасап, түрлі тауар өнімдерін тұтынып жатамыз. Демек біз тұтынушы жақпыз. Әрбір адам тұтынушы есебінде сауатты, өз құқығын қорғай алатындай қажетті білімге ие болуы шарт. Осы бағытта Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне биыл 200-ге жуық азаматтың өтініштері келіп түскен. Бұл туралы департамент басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимұрзаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.
- Өтініштерді қарау қорытындысы бойынша департамент тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша 20 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заңға сәйкес шешімдер қабылданды. Өтініштердің басым көпшілігі бөлшек сауда және электронды коммерция саласына келіп түседі. Келіп түскен өтініштер заңға сәйкес қаралып, бұзушылық анықталған жағдайда тиісті жұмыстар жүргізіледі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына өтініш түскен кезде, департамент мәселені жедел шешу үшін Қызылорда облысы және Қызылорда қаласының жергілікті атқарушы органдарымен тұрақты негізде жұмыс жасайды. «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда қаласының қоғамдық ұйымдары азық-түлік қауіпсіздігінің сапасын сақтау мақсатында шетелдік өндірушілерден 24-ке жуық өнім түрлерін сатып алып, азық-түлік өнімдерін сынау зертханасына сараптамаға жіберіліп тиісті шешімдер қабылдануда. Соңғы 6 айда тиімсіз делдал түріндегі және жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты сауда заңнамасын бұзушылықтар бойынша 76 бұзушылық анықталды,- деді Нұрлыбек Шонжарұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі