ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛУДА

Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов 2024 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баянадады.
- Бізге келіп түскен 117 өтініштің 72-сі бөлшек сауда саласы бойынша болып отыр. Атап айтсақ, сапасыз тауарды айырбастаудан, қайтарудан бас тарту және 14 күн ішінде тиісті сападағы тауарды айырбастамай, тұтынушыларды алдап, сапасыз тауар ұсыну. Одан бөлек, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтері саласы мен электрондық сауда, қоғамдық тамақтану салалары бойынша да бірнеше құқық бұзушылық өтініш келіп түсті. Аталған өтініштерді заңға сәйкес қарау қорытындысымен 62 өтініш қанағаттандырылды. Ал, 3 өтініш түсіндіріліп, 44 өтініш басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Нәтижесінде, тұтынушыларға барлығы 6,4 млн теңгенің қаражаты қайтарылуына ықпал жасалды. Бұдан басқа, 2024 жылдың І тоқсанында "Сапалы өнім" жобасы қоғамдық тұжырымдамасы аясында ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қорғау мақсатында сапасыз және қауіпті тамақ өнімдеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Сараптама қорытындысы бойынша 5 өнімнен, атап айтқанда қаймақ, сүзбе және шикі ысталған шұжық өнімдерінен таңбалаудағы сәйкестіктер және мемлекеттік тілде ақпараттар жоқтығы анықталса, қалғандары талапқа сай келді, - деді Ерқасым Жайбергенұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі