ҚЫЛМЫСТЫҚ АХУАЛ АЛАҢДАТАДЫ
Жуырда аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Нұржан Ахатов және аудан прокуроры Нұрбек Қаратаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөнінде арнайы мәжіліс өтті. Жиынға мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, депутаттар, құқық қорғау органдарының басшылары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мемлекеттік және жеке балабақшалардың меңгерушілері қатысты.
Мәжіліс күн тәртібіндегі негізгі 3 мәселе төңірегінде жүргізілді. Атап айтсақ, аудан көлемінде өсім алған кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстардың, алаяқтық және балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Алғашқы сөзді аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы алып, балалар құқығын қорғау және сақтауға бағытталған жұмыстарды күшейте түсу керегін тілге тиек етті. Бұдан соң күн тәртібіндегі алғашқы мәселе жөнінде аудан прокурорының аға көмекшісі Қ.Жантөреев баяндама жасап, аудан жасөспірімдері арасындағы қазіргі ахуалды баяндады. Оның айтуынша, бүгінде аудандағы жалпы білім беретін 38 мектепте 18 379 оқушы дәріс алады. Прокурорлық тексеру мен бала құқықтарына қатысты білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар құқықтарының сақталуын тексеру барысында бірқатар өрескел жағдайлардың, аудан бойынша мәселесі шешілмеген мектептердің бары анықталған. Аталған тақырып аясында білім ошақтарындағы асханалар жайы, олардың санитарлық талаптарға сай келмейтіні сөз етілді. Мектеп асханаларын тұрақты бақылау мақсатында арнайы комиссиялар құрылғанымен, олар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмағаны белгілі болды.
Бұдан бөлек қазіргі таңда ауданда қылмыстық жағдай күрделі сипат алған. Мәселен, жыл басынан бері тіркелген қылмыстық істерді өткен жылмен салыстырғанда, аудандағы қылмыстық ахуал 13,8%-ға өсім алса, оның ішінде адам өлтіру 200%-ға, қарақшылық 100%- ға, тонау 100%-ға, қорқытып алу 100%-ға, мал ұрлау 66,7%-ға, алаяқтық 40%-ға, бұзақылық 200%-ға, қасақана ауыр дене жарақатын салу 100%-ға, алкогольдік еліктеу жағдайында жасалған қылмыстар 40%-ға, топ болып жасалған қылмыстар 600%-ға жоғарылаған.
Сондай-ақ жақын күндері Ш.Қодаманов ауылындағы №158 орта мектепте 10-сынып оқитын 2 жасөспірім осы мектептің 9-сыныбында оқитын оқушысын ұрыпсоғып, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіруінің салдарынан соңы өліммен аяқталу фактісі орын алды. Бұл өкінішті жайт жыл басынан бері тіркелмеген қылмыстық істердің күрт күрделенуіне әкеліп отыр.
Бүгінде аудан прокуратурасымен «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы бойынша мобильді топ құрылып, аудан көлемінде әр мектеп бойынша әлеуметтік паспорттар әзірленіп, ондағы жасөспірімдер арасында мінез-құлқы ерекше балалармен, қараусыз және қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар арасында қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін тұрмыстық зорлықзомбылыққа қарсы іс-қимыл, суицидті болдырмау жөнінде жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп ісшаралар атқарылуда. Сондай-ақ аудан көлеміндегі білім мекемелерінде де аталған мәселелер бойынша облыс прокуратурасымен әзірленген жол картасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар жазғы демалыстың жақындауына байланысты кәмелетке толмағандардың жазатайым оқиғаға ұшырауы, олардың немесе оларға қатысты қылмыс жасалудың, суицидтік фактілердің орын алуын болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар атқару сұралды. Білім беру мекемелері мен балабақшаларда кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу жиналыстарын, төтенше жағдай органдары демалыс аймақтары мен суға түсу, өзен, көл, су арналары және т.б. орындарда бақылауды күшейтіп, жоғары деңгейде түсіндірме жұмыстарын, БАҚ арқылы, құтқару қызметі, смс хабарламасы, теледидар, билбордтар және т.б. түрінде халыққа жеткізу қажеттігін айтты.
Баяндамашы сөз болған мәселелерге сәйкес білім ошақтарындағы оқушылар арасында бопсалау, әлімжеттік көрсету және жас ерекшеліктері бойынша топтардың баржоғын анықтау мақсатында сауалнамалар алынып, қорытындыға сәйкес алдын алу шараларын күшейтуді, өз кезегінде мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер құқықбұзушылыққа бейім оқушыларды анықтау шараларын қатаң жүргізуді ұсынып, тәлім-тәрбие жұмыстарын бірлесіп атқаруға шақырды.
Күн тәртібіне қойылған екінші мәселе жөнінде аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ж.Құттыбай сөз алып, бүгінгі таңда қоғам арасында алаяқтық қылмыстардың өршіп тұрғанын, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл мамыр айына дейін 140%-ға жоғарылағанын атап өтті.
– Жыл басынан бері барлығы 63 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, қылмыстардың 16,7%-ға жоғарылағанын көрсетеді. Оның ішінде онша ауыр емес және орта санаттағы қылмыстардың саны 34-ті құрап, былтырға қарағанда 17,2%-ға жоғарылап, ашылу көрсеткіші 12,4%-ға жақсарды. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 4 қылмысқа өсім алды. Десек те, олардың ашылу көрсеткіші 51,1%-ға жақсарды, – деді ол.
Қазірде алаяқтық қылмыстардың 20 дерегі тіркеліп, 100%-ға артқан. Олардың басым бөлігі – интернет-алаяқтық санатындағы қылмыстар. Бұл мәселенің туындауына адамдардың әлеуметтік желілерде сатылымға заттар жарияланатын OLX.kz, Instagram, WhatsApp және т.б. түрлі қосымшаларда алдын ала төлем жасау арқылы алдану жолдары, белгілі бір мекемеге жұмысқа орналастырып беру және қайтарымсыз несиені жеңілдетілген пайызбен алып беру секілді алаяқтықтардың құрбаны болуы себеп. Мәселен, бұған дейін кент орталығында бір емес, бірнеше адамнан несие алу төңірегінде ақша жинап, салдарынан 16 жәбірленушіні сан соқтырған тұрғынның әрекеті анықталды. Баяндамашы осыған сәйкес тұрғындарға сақтық шаралары ретінде жеке куәлік деректерін, төлем карталарының мәліметтерін, құпиясөздерді және смс кодтарды ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы төлем жүргізбеуге, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға шақырды. Сондай-ақ сақтық шаралары туралы кеңінен насихаттап, тақырыпқа сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізуді одан әрі жандандыру алаяқтықтың алдын алатыны айтылды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселеге байланысты кезекті баяндаманы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторы А.Мадиев жасады. Ол кәмелетке толмағандар арасында жыл басынан бері ешқандай қылмыстық әрекет орын алмағанын, дегенмен, жуырда орын алған жағдай бұл фактіні жоққа шығарғанын мәлімдеді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мезгілсіз уақытта жүруіне байланысты осы уақытқа дейін барлығы 205 хаттама толтырылғаны, рейдтік ісшаралар кезінде жасөспірімдердің темекі өнімін сату бойынша тұрған дүкендері мен бірнеше ойын-сауық мекемесі анықталды. Бүгінде аталған мәселелерге қатысты профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр.
Жиын барысында аудан әкімі полиция бөлімінің жұмысын сынға алып, түнгі мезгілде ұйымдастырылатын рейдтік шараларды көбейтуді, учаскелік инспектордың ауылаймақты үзіліссіз бақылап отыру қажеттігін қатаң ескертті. Мәжіліске қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде жауапты сала мамандарына сауалдар жолдап, ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздікке жол бермеу үшін ата-аналардың мектепішілік жиындарға қатысуын қамтамасыз ету маңызды екені көтерілді.
Мәжіліс соңында бірқатар бөлімдерге тапсырмалар беріліп, нәтижелі жұмыс атқару жүктелді. Аудан әкімі қоғамда болып жатқан мәселелерді бірлесе бақылауға алып, олқылықтарды ескерусіз қалдырмай, ортақ жауапкершілік танытудың маңызды екенін атап өтті.
Таслима ӘЛІШЕР