870 ТҮЛЕК ТҮЛЕП ҰШТЫ
Екі күн еліміздің барлық білім ошақтарында ұзақтығы 34 аптаға созылған тағы бір оқу жылы аяқталып, жас түлектер үлкен өмірге қанат қақты. Алтын ұясымен қоштасуға әзір тұрған бітіруші сыныптардың дәл осы айтулы сәтті асыға күтетіні рас. Биылғы оқу жылында облыс бойынша 330 мектепті 181 мыңнан астам оқушы тәмамдаса, оның ішінде 8240 түлек мектеппен қоштасады.
Аудандық білім бөлімінің берген ақпаратына сәйкес, биыл аудан бойынша 38 мектепті 1-11 сынып арасында 18 379 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 11-сынып түлектерінің саны – 870, 9-сынып бітірушілері 1803-ті құрады. Ал Майлытоғай ауылдық округіндегі Қ.Сәбіров атындағы №141 орта мектепте бітіруші сынып жоқ.
Оқушылар үшін маңызды сәттің бірі – «Соңғы қоңырау» салтанаты екені белгілі. Биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарындағы мектеп бітіру ісшараларын өткізудің арнайы тұжырымдамасы бекітілді. Осыған сәйкес, 24 мамыр күні 1-10 сыныптар арасында арнайы тәрбие сағаты өткізілді. Ал 25 мамырда мектеп түлектеріне арналған әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Тәлімдік кездесу, ашық сабақ сынды бағыттарда өтетін жиындарға тек 11-сынып оқушылары, мектеп басшысы мен сабақ беруші педагогтер қатыса алады. Іс-шараға түлектердің мектеп формасымен қатысуы міндеттелді.
Бұдан бөлек аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Асанханұлы биыл мектеп бітіру кештерін өткізуге, аудан ішінде көлікпен шеру жасауға, таңды күтіп алып, мерекелік дастарқан ұйымдастыруға тыйым салынғанын атап өтті. Бұл күні барлық орта мектептердің педагогикалық ұжымдары күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Аталған шаралар басшылық талабына сәйкес, 25 мамыр күні оқушылар арасында болатын әртүрлі жағымсыз оқиғалардың алдын алу мақсатында, сондай-ақ ата-аналар тарапына мүмкіндігінше қаржылай салмақ салмау үшін жасалмақ.
Білім алушылар үшін жауапты сәт – аттестат табыстау салтанаты. Оқушылар алған білімдерінің нәтижесін көрсететін аттестат қағазына республика бойынша бір уақытта, 14 маусым күні ие болмақ.
– Биыл аудан бойынша бітіруші 870 түлектің 95-і «Үздік аттестатқа», 59-ы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. «Алтын белгіге» үміткер оқушылар бұл үшін жазбаша форматтағы емтихан тапсыратын болады. Оқушылардың жұмыстары соңғы 3 жылдағы дәстүрге сай облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссиямен тексеріледі. Комиссия жұмысында ашықтық пен әділдік қатаң сақталмақ, – деді Марат Ақпанбетов.
Бүгінде түлектерді үлкен өмірге бастайтын баспалдақтың алғашқы сатысы – Ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезеңі басталып кетті. Биыл облыста 7391 оқушы аталған емтиханнан өтсе, аудан бойынша 741 түлек сынақ тапсыруға тілек білдіріп отыр. Тестілеу Жаңақорған кентіндегі №110 мектеплицейінде орналасқан ҰБТ өткізу пунктінде өтеді. Соңғы 2 жылдағы ереже талабына сәйкес, тест тапсырушының жол шығыны, қауіпсіздігі ата-ананың мойнына жүктелмек. Себебі әр оқушы сынақтан өту күні мен уақытын өзі таңдайтын болады. Тестілеу мерзімі 5 шілдеге дейін жалғасады. Мектеп бітірушілер аталған кезең қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алады.
Жазғы кезеңде балаларды сауықтыру демалысын ұйымдастыру жұмыстары бойынша биыл 1-10 сынып аралығында 17 510 бала жазғы демалыспен және саяхатпен қамтылады деп жоспарлануда.
Балалардың белсенді әрі пайдалы демалысын ұйымдастыру бағытында аудандық «Сыр ұланы» лагері жұмыс істейді. Лагерь 700 баламен қамтылмақ. Бұдан бөлек мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен 32 мектепте 2338 бала, тамақсыз 38 мектепте 3395 бала тынықса, 7 мектеп жанынан құрылған шатырлы лагерьлерге (стационарлық емес) 361 бала, 6 мектеп жанынан этнолагерьге (киіз үйлі, стационарлық емес) 543 бала, ұлттық құндылықтар бойынша мектеп жанындағы 6 лагерьге 390 бала, 6 археологиялық лагерьге (стационарлық емес) 257 бала, спортқа бейімделген 27 мектеп жанындағы лагерьге (стационарлық емес) 1318 бала қамтылады деп жоспарлануда. Білім қызметкерлерінің аудандық кәсіподақ комитеті есебінен 60 бала өзге облыстардың лагерьлерінде демалса, кәсіпорындар есебінен 135 бала, демеушілік есебінен 153 бала, ата-анасының қатысуымен 350 бала сауықтырылып демалады. Жалпы сауықтыру жұмыстары бойынша 10 045 бала қамтылмақ.
Балалықтың бал шағын артқа тастап, үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрған мектеп түлектері үшін биылғы оқу жылы біршама өзгерістерге толы болғаны жасырын емес. Десе де, талай жыл алған білімін өз бойларына өре білген, еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алар азаматтардың үлкен жолға бастаған қадамдарынан күтер сенім көп. Ендеше, кемел білім кемесі шығарып салған жолаушылар өмірден өз орнын тапса игі.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ