Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРАН КӨТЕРГЕН ҚАРИДЫ ЕЛІ КӨТЕРДІ

ҚҰРАН КӨТЕРГЕН ҚАРИДЫ ЕЛІ КӨТЕРДІ

Қазақ халқы ежелден атымтай жомарт азаматтарға кенде емес. Жомарттық – адам бойындағы ізгі қасиет. Келген қонағын құрметтеп төрге шығарып, қымызын ұсынып, кетерінде ат мінгізіп, үстіне жібек шапан жауып шығарып салу қазақтың қанында бар қасиет. Жомарттық сынды ерекше қасиет қазаққа көшпелі заманда тұрмыс-тіршілігімен байланысты қалыптасса керек. Ұзақ жолға сапар шеккен адамдар, қазіргі уақыттағыдай қонақүй мен мейрамханалар болмағанымен, кезіккен қараша үйге түсіп, жолаушыларға арналған сақтаулы тұрған сыбағасынан дәм татқан. Жолаушылап келген мейманды «Құдайы қонақ» деп, ерекше сый көрсетуіміз де сол бабадан қалған дәстүр.
Бүгінде ата жолынан жаңылмай, ерінбей еңбек етіп, адал маңдай тердің арқасында ырзық-несібесін тауып, айналасымен бөлісіп, жәрдемдесуге дайын тұрар азаматтардың бары жаныңа медеу, көңілге қуаныш сыйлайды. Жаны жақсылыққа құштар сондай азаматтың бірі – Нұрбол Райханов.
Алғашқы кәсібін қарапайым мал шаруашылығымен бастаған азамат, қазір Шиелі аудан тұрғындарына кеңінен танымал болған «NAKA ET» және «NAKA» мал азығы дүкендерінің иесі. Ол аудандағы бірқатар емхана мен мектептерді ет және азық-түлік өнімімен қамтамасыз етіп отыр.
Барлық мұсылман асыға күтетін айлардың сұлтаны болған, қасиетті Рамазан айы есігімізден еніп, санаулы күннен соң қимай қоштасатын сәтте жақындады. Рамазан айында, Шиелі ауданының ҚМДБ-ға қарасты Қарилар медіресесінің шәкірттері аудан орталығындағы және ауылдық мешіттерде қасиетті Құран Кәрімді оқып, тарауих намазын өткізуде.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Ақмая ауылының «Ақмая» мешітіне барған Асылбек қариға ауыл халқы ықыласын білдірді. Кәсіпкер Нұрбол Райханов ауыл имамы Ғани Мақұлбековке сый-сияпат жасап, Құран көтерген қариға ат мінгізді. Жиналған жамағат алдында ауыл имамы:
– Көрегенділік жасап, ауылға келген қариға ат мінгізген азаматтарға алғыс айтамын. Зекет пен садақа беру құдықтағы су секілді. Құдықтағы суды қанша алсаңда, қайтадан орнына толып тұрады. Алла разылығы үшін берген садақа мен зекетте берген сайын артып, дүние кемімейді. Баршаңыздың осы қасиетті айда жасаған құлшылық пен ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын, – деп батасын берді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – демекші, өзінен бұрын, өзгені қуантуға асығып тұратын азаматтың ісі көпке үлгі. Адал еңбекпен мал табуды үйреніп, оны қалай жұмсауын білген жомарт жанның кәсібіне береке, отбасына амандық тілейміз.

М.ИБРАГИМОВ
08 сәуір 2024 ж. 115 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930