ИГІЛІКТІ ІС – ЕЛ МҮДДЕСІНЕ
«Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, күн жылып, нағыз көктем орнаған шақта тұрғындар ауласы мен көше бойын тазалап, көгалдандыру жұмыстарына қызу кірісті. Бұл уақытта аудан бойынша түрлі сенбіліктер мен жасылдандыру шаралары жыл сайын дәстүрлі түрде жүргізіледі.
Сәуірдегі дала жұмыстары, ең алдымен, аудан әкімі Нұржан Сәбитұлының бастамасымен даңғайыр диқан, ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ы.Жақаевтың атына берілген саябақта көгалдандыру, тазалық акциясын өткізумен бастау алды. Қара жердің қадірін білетін текті халық үшін Жер ананы құрметтеу, ағаш отырғызып, жасыл желекке айналдыру жат іс емес.
Қызу дала жұмыстарына кіріспестен бұрын есімі әлемге әйгілі атамызға құрмет көрсетуден басталғанының өзінде үлкен мән жатыр. Игі шараға ауыл шаруашылық төрағалары, қызметкерлер, еріктілер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Көгалдандыру жұмыстарына арнайы техникалар әкелініп, жер жыртылып, су арналарына тазалық жүргізілді. Қазақ халқы «көп түкірсе, көл болар» деп айтқандай, бірі саябақты қураған қамыс пен шөптен тазартса, енді бірі ағаш түптерін бояп, залалсыздандыру жұмысын жүргізді.
Осындай дала жұмысына белсенді атсалысқан азаматтар мен тұрғындарға аудан әкімі Нұржан Ахатов:
– Аумақты көгалдандыру – пайдалы іс. ¬«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, жасыл желекті күтіпбаптау мен көгалдандыруда атқарған тыңғылықты жұмыстарыңыз үшін барлықтарыңызға алғыс білдіремін, – деп өз ризашылығын жеткізді.
Ауданның көркеюіне бастайтын берекелі шараға қатысқан Сәрсенбек Баймағамбет, Аятжан Есжанов, Әлияр Сейітов, Бауыржан Көпеев, Пернебай Күзембаев сынды азаматтар техникаларын жұмылдырып, акцияға қолдау білдірді. Шараның басы-қасында жүріп, тұрғындармен біте қайнасып, көгалдандыру жұмысына кіріскен Ақмая шаруа қожалығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков былайша пікір білдірді.
– Бүгінде Ы.Жақаев саябағы ауданның бетбейнесіне айналып отыр. Дәстүр бойынша өткізілетін акцияға үлес қосуды азаматтық міндетім деп білемін. Себебі туған жердің көркейіп, жасыл желекке айналуы – барлығымыздың ортақ мүддеміз. Сондықтан барлық аудан тұрғындарын көктемгі көгалдандыру жұмыстарына атсалысып, Табиғат-Ананы аялауға шақырамын, – деді қожалық төрағасы.
Иә, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөздің түпкі мәні тереңде жатыр. Қазақ әуел бастан өскелең ұрпақты тәрбиелеуде тек сөзімен емес, үлгі етер ісімен де өнеге қалдырып отырған. Егілген ағаштың, өскен өсімдіктің қоршаған ортаға тигізер пайдасы зор. Алдағы уақытта Ы.Жақаев саябағында арнайы дайындалып, тазаланған жерге шие көшеттері отырғызылып, ел игілігіне берілмек.
Сонымен қасиетті Рамазан айында барша жұртты жұмылдырған тазалық акциясы одан әрі өз жалғасын табатын болады. Шара соңында осынау ізгі іске жәрдем берген жандарға ас беріліп, дұға жасалды.
М.ИБРАГИМОВ