Тамшыдан теңіз
Қиналғанда қол үшін беріп, көмектесу азаматтық іс екенін терең түсінген Алғабастың өнерлі ұл-қыздары, 11-шы мамыр күні, мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесіп, ауыл әкімінің қолдауымен «Тамшыдан теңіз» атты қайырымдылық концертін ұйымдастырды.
Басым көпшілігі еш жерде жұмыс жасамағанымен бірі, халықтың қызықшылығына қызмет жасаса, енді бірі өз несібелерін диқангершіліктен тапқан талантты жастар. Концерттік бағдарлама өте әсерлі өтті. Ауылдың сыйлы азаматтарымен, кіші кәсіпкерлікті қолға алған ауыл тұрғындары қонақ ретінде арнайы шақырылған.
Қасиетті Рамазан айындағы сауапты іс, үлкендерден қолдау тапқаны көзге көрініп тұрды. Н.Қордабаев, М.Манатбаев, С.Досжанов секілді алдыңғы буын ағаларының игі істерін, інілері болып, Ф.Доскенов, С.Әуезовпен бірге Г.Наркулова, Б.Жолтаева сынды өнерлі қыздар қайырымдылық іс-шараның шырайын кіргізді. Тақырыпқа сай көріністер мен шырқалған әндер үйлесім тауып жатты. Бағдарлама негізінен көңіл көтеруге ырғақты әуендермен бірге күлкіге толы көріністерге құрылған.Қайырымдылық шараның соңына қарай көрермендерден, шақырылған қонақтар мен өнер көрсеткен ұл-қыздардан түскен қаржы сахнада есептеліп, Алғабас ауылының имамы Е.Әлкебаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Жақыповтың шешімімен 60 мыңнан астам қаржы, ауылдағы екі отбасына табысталатын болып ұйғарылды. Ауыл жастарының бүгінгі іс-әрекеті 2009 жылы осы Алғабас ауылындағы «Шәймерден» мешітін күрделі жөндеуден өткізу үшін аудан бойынша ел таныған ағаларымыздың ұйымдастырған ауқымды акцияның жалғасындай әсер қалдырды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Тамшыдан теңіз». Оң қолым берсе, сол қолым білмесін дегендей, астарлы сөздер осы бүгінгі іс-шараға қатысқан адамдарға арналғандай. Жастардың, оның ішінде өнерлі жандардың қасиетті оразаның алдындағы сауапты істеріне қуанып, қызығып, қолдау көрсетіп қайттық. Бүгінгідей мәнді де мағыналы, мәдени шаралар өзге елді-мекендерде де жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Алғабас ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлерімен қайырымдылық концертті бірлесіп ұйымдастырған өнерлі жастарға ауыл ақсақалдары алғыстарын айтып, батасын берді. Өнерлерің өрге жүзсін деп бізде тілек қостық.
«Өскен өңір» ақпарат.