Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН КЕШ

ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН КЕШ

Әмбеге аян, қазақ халқы Наурыз мерекесін ертеден асыға күтеді. Бұл күні барша жұрт ұлттық нақышта киініп, айналаны ән мен күйге бөлейді. Халқымыз күн мен түннің теңелу уақытына айрықша мән берген. Сондай-ақ мерекеге жылдың басы, берекенің бастауы ретінде қараған. Соған сәйкес айтулы күнді айрықша тойлау әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. Аталған мереке аясында ауданның белгілі кәсіпкері Айткүл Әбдіқадырова «Бекзатхан» мейрамханасында Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өтті.

Мерейлі кешті Ы.Жақаев елді мекенінің «Асыл әжелер» ансамблі және Жансейіт ауылынан келген Өміржан Маханов пен Айгүл Ташматовалар әсем әуенмен бастап берді. Шараға Еңбекші ауылы, Байсын ауылы, теміржол саласының ардагер аналары мен кәсіпкерлер арнайы шақыртылып, әдемі кештің сәнін келтірді. Мерекелік нақышқа сай шашу шашылып, жиылған халықты дән-риза етті. Сонымен қатар жиынға «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы бойынша теміржол саласының төрайымы Маржан Сәдуақасова қатысып, қонақтарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Алдымен, баршаңызды көктемнің шуағын ала келген Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – күллі тіршілік атаулының түрленіп, күн мен түн теңесіп, жаңару мен жасампаздықты айшықтайтын, ырыс пен берекенің арқауы болған өркениетіміздің өлшемі. Құрметті қонақтар, еліміздің мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Наурыз мейрамы әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, бақыт пен молшылық әкелсін, – деді.
Тағылымы мол мерекелік кешті өз нақышында керемет жүргізе білген Ернар Ермағамбет те көпшіліктің ризашылығына бөленді. Ұлттық құндылықтарымыз насихатталып, қонақтар асық ату, арқан тарту секілді ойындарда бақ сынасты. Ойынға шыққан әрбір қатысушы құр алақан қайтпады. Мерекелік кездесуде ән шырқалып, жылы лебіздер де айтылды. Қысқасы, әр ауылдан келген қонақтар шырайлы жүздесуге ерекше дайындықпен келген. Әсіресе, ақ кимешек киген әжелерді көргенде, көңілдерге қуаныш ұялады. Осы тұста ұлттық тектілік туын жоғары ұстап тұру қазақ аналарының қолында екенін ұмытпауымыз керек. Шарада бой көрсеткен әжелер де, жастар да риза болды. Олар мейрамхана иесі Айткүл Әліқызына алғыс айтып, бұл мереке алдағы жылдарда да «Бекзатханның» төрінде тұрақты түрде жалғасын табар дәстүрлі шараға айналса деген тілектерін білдірді. Бір сөзбен айтқанда, салтанатты кеште қонақтар үлкен қуанышқа бөленіп, мәз-мейрам боп, үйлеріне ерекше көңіл-күймен тарқасты.

Айнұр ИБРАШЕВА​​​​
02 сәуір 2024 ж. 198 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930