ЖҰМАҚТЫҢ КІЛТІ – АНАЛАРДЫҢ ТАБАНЫНЫҢ АСТЫНДА

Шара басында Ақмая ауылдық округі әкімі Б.Сағындықов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов және Ақмая шаруа қожалығының директоры Д.Жұмбеков ақ жаулықты аналарды мерекесімен құттықтады. Ауылдың өсіп-өнуіне айрықша үлес қосып жүрген сала мамандары мен қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген нәзікжандарға аудан әкімі Н.Ахатовтың алғыс хатын салтанатты түрде табыстады.
Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен өткізілген шараға қатысқан көрерменнің арасында ине шаншар жер болмады. Ауылдың ақ жаулықты аналарынан құралған «Әжелер ансамблі» ән шырқап, «Күй керуені» домбыра үйірмесінің шәкірттері күмбірлете күй тартып, тамылжыта ән де салды. Халық асыға күтетін мерекелік қойылым көрерменнің көңілін көтеріп, клуб үйінің қызметкерлері сомдаған кейіпкерлерімен көпшіліктің көзайымына айналды.
Концерт соңында қызметкерлердің өнеріне тәнті болған көрермендер ыстық ықыласын білдіріп, жас та болса, бас болып жүрген клуб меңгерушісі М.Ибрагимовке алғысын жаудырды.
«Өскен өңір» ақпарат