ЖЕРЛЕСІМІЗ ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ
«Қуанышты бөліссең, көбейеді» деген саналы сөз санамызда сайрап тұрғандықтан болар, бізге жеткен қуанышпен өздеріңізбен бөліскенді жөн санадық. Мереке қарсаңында аудан тұрғыны Ботакөз Арқашбаева республикалық «Ару ана» конкурсының жеңімпазы атанып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды.
Шиеліліктер жеңімпаз атанған жас кәсіпкерді жылы лебізбен күтіп алып, ыстық ықыластарын білдірді. Ал дүйсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатов жерлесімізді қабылдап, жеңісімен құттықтады.
Естеріңізге салсақ, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылықдемографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен өткен «Ару ана» республикалық конкурсының қорытындысымен Қазақстан бойынша 20 қыз-келіншек іріктелген болатын. Соның ішінде алты нәзікжандар оза шауып, үлкен конгресс-холда мерекелік шарада марапатталды. Ал Ботакөздің жобасы «Агробизнес саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды.
– Негізгі мамандығым хореограф болғанымен, 2017 жылдан бері «Оразбек» отбасылық шаруа қожалығын ашып, мал шаруашылығымен айналысуды бастағанмын. Қазір ешкі саны 100-ден асты, Австралия және Германиядан ешкі төлін әкеліп, жергілікті тұқымдармен будандастыру тәжірибесін қолға алдым. Алдағы уақытта будандастырылған жаңа тұқымды халықаралық сатылымға шығару жоспарда бар, – деді.
Жерлесіміздің жобасы «Ешкі сүтін терең өңдеу» деп аталады. Тәулігіне 50 литр ешкі сүтін өңдеуге бағытталған. Сондай-ақ ол ешкі сүтінен ірімшіктің 4 түрін, құрт, май, брынза, сүзбе жасап сатады. Өнімдерінің сұранысы да өте жоғары. Олай болса, олжамен оралған Ботакөзге тек сәттілік тілейміз.
Айнұр МАҚСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ