Қызылордада «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің тұсаукесері өтті
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Шоқайтану» орталығында қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігінің тұсаукесер салтанатты рәсімі өтті. Басқарма Төрағасы – Ректор, филология ғылымдарының кандидаты Каримова Бейбіткүл Сәрсемханқызы кітапқа қатысты пікірін білдірді.
– 2024 жылдың 26 қаңтарында Ұлыбританияның Oxford университеті ғимаратында тұңғыш қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің халықаралық таныстырылымы өткізілген болатын. Бүгінгі конференция жұмысына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қатысып отыр. Рауан Кенжеханұлы – белгілі қоғам қайраткері, Қазақша Уикипедияның негізін қалаушы, 100 жаңа кітап ауқымды жобасының жетекшісі болған. 2023 жылдан бастап Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып сайланды. Осы қаңтарда Ұлыбританияда өткен сөздік презентациясына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Мағжан Илиясов, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов, Оксфорд университетінің профессорлары мен студенттері қатысқан болатын. Өздеріңізге белгілі, Oxford Qazaq Dictionary – Oxford Languages желісі мен Ұлттық аударма бюросының бірлескен жобасы.
Осы сөздік негізінде қазақ тілі Оксфорд Жаһандық Тілдер (Oxford Global Languages) платформасына қосылды. Соның нәтижесінде қазақ тілі әлемнің іргелі 100 тілінің лексикалық қорымен өзара байланысып, ортақ ғаламдық тіл корпусына енуде. Бүгін міне біздің университетіміздің кітапхана қорына 65 дана сөздік сыйға тартылды. Ең бастысы, еліміздің қазақтілді азаматтарына, сонымен қатар жалпы ағылшын тілін үйреніп, қолданып жүрген Қорқыт ата университетінің ғалымдары мен білімалушыларына, 60 000 сапалы аударылған сөз қорын игеруге мүмкіндіктер ашылды, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Сонымен қатар, аталған іс-шарада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысы Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Аңсат Сәдуақас Әбдіқадырұлы баяндама жасады және де қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Боранбай Болат Елтайұлы, Шетел тілдері және аударма білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Изтлеуова Жанна Бахытжанқызы мемлекеттік тілдің төңірегінде арнайы пікірлерін жеткізді.
Бұл жобаның қазақ тілі үшін, қазақ елі үшін маңызы зор. Осы сөздік негізінде Оксфорд Университетінің баспасымен басталған серіктестік нәтижесінде қазақ тілі әлемнің Топ-1 университеті Оксфорд Университетінде оқытылып, қазақ тіліне деген қызығушылық артады. Қазақ тілін оқыған Оксфорд Университетінің студенттері еліміздің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлерін білуге құштарлық танытары сөзсіз.