Кеше облыс әкімдігінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының қатысуымен қазақ тілі мәселесі және оның келешегі туралы ой-толғамдарды ортаға салған «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Отырысты облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов ашып, шілде айында өткізілген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайында қоғам президенті болып сайланған Р.Кенжеханұлын құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Сонымен бірге аппарат басшысы өңір тұрғындары үшін қазақ тілін оқып-үйренуге барлық жағдайдың жасалып отырғанын, аймақтағы балабақшалардың 93,5 %-ы, мектептердің 90%-ы мемлекеттік тілде жұмыс істейтінін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Р.Кенжеханұлы отыз жылдық тарихы бар «Қазақ тілі» қоғамының елімізде 135 өкілдігі бар екенін атап өтті.
Солардың ішінде белсенді де нәтижелі іс көрсетіп келе жатқан қоғамдық ұйымның Қызылорда облыстық филиалына ризалық білдірді.
– Мемлекеттік тіл – тәуелсіздікпен тең ұғым. 90-жылдары жанданған тіл қоғамының жұмысы соңғы он жыл көлемінде әлсіреп қалғандай әсер етеді. Қазір жасыратыны жоқ, гаджетке сүйеніп кеткен жастар қазақша еркін сөйлеп, сауатты жаза алмайтын хәлге жетті. Мұны әрине, білім беру саласына қатысты сөз десек те, ол тіл мәселесіне келіп тіреледі. Халықаралық ұйымдардың сараптауынша, бүгінде адамдардың 64%-ы өз тілінде оқып, түсініп, сол мазмұнды қайта айтып бере алмайды екен. Мұның басты себептерінің бірі балалармен бетпе-бет келетін ақпараттық орта үлкен өзгеріске ұшыраған.
Осы қиындықтардан қалай шығуға болады? Мәселен, бала көретін мультфильмнен бастап, ақпарт та, кино да, өзара байланыс та смартфонға сыйып тұр.
Ендеше, күнделікті өзіміз пайдаланатын телефондағы қызмет қосымшалары түгел қазақшалануы тиіс. Бірақ, тек осымен мәселе шешіле ме? Олай болса, біз қандай өзекті мәселелерді қолға алуымыз керек?
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда қоғам ретінде мемлекет саясатына қандай игі ықпал жасай аламыз?
Бүгін сіздермен осындай мәселелер төңірегінде пікірлесуге келдім, – деді тіл қоғамының президенті.
Мұнан соң облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов тіл туралы заңнамалардың сақталуы жөнінде атқарылып жатқан бірсыпыра жұмыстарға тоқталды. Арнайы рейдтік тексерулер кезінде анықталған заң бұзушылықтарды мысалға келтірді. Әсіресе, қаладағы көпшілік тамақтану орындарының сыртқы көрнекіліктерінен ас мәзіріне дейінгі көптеген кемшіліктің түзелгенін тілге тиек қылды.
«Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе жасалып жатқан жұмыстарды атады.
Қоғам төрағасы тіл мәселесін ретке келтірудің тетіктері әлсіз екенін еске салды. Ол үшін мемлекеттік заң қабылдануы тиіс екенін атап айтты.
Осы пікірлерді қостаған Қорқыт ата университетінің профессоры Қ.Құдайбергенов тілдің даму динамикасының – отбасы, балабақша, білім беру мекемесі екенін мысалдап, жеке бала бақшалардың жұмысына бақылау жасалуы керектігін айтса, университет оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Әбілов «Қазақ тілі» қоғамы терминкоммен тығыз байланыста жұмыс жасауы керек деді.
Сондай-ақ, ол аударма жұмысында бірізділіктің жоқтығын сынады.
– Мәселен, «медсестра» сөзін бір аурухана «аяжан» десе, бірі «мейірбике», енді бірі «мейіржан» деп жүр. Терминкомның отбасы деп аударған «семья» сөзі баспасөздерде «жанұя» болып қатар қолданылады. Ал, терминкомның өзі «населенный пукт» дегенді «елді мекен» деп көрсеткен. Қазақ ел қоныстанған жерді «мекен» дейді, елсіз жерді «жапан» дейді. Демек, елсіз мекен болмайды. Сонда біз «ауыл» деген сөзден қашып отырмыз ба? Үлкен мәселелер тасасында қалатын осындай кіші мәселелерді ретке келтірмей, тіл дамуына даңғыл жол ашылмайды, – деді А.Әбілов.
Сонымен бірге филология ғылымдарының кандидаты Б.Боранбай, ардагер ұстаз Ж.Егізбаев, қаламгер Ұ.Бегімбаев, еңбек ардагері А.Көшербаев сияқты бірнеше пікір айтушы шынайы ойларын жеткізіп, ұсыныстарын білдірді.
Тіл төңірегіндегі ой-пікір толастамайтын мәселе. Бір тілде сөйлеп, бір бағытта ойлап, бір мүддеге бірігу үшін ортақ мәселеге әр азамат өзін жауапты сезінуі тиіс.
Осындай оймен дөңгелек үстел жұмысын қорытқан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті бастама көтеріп, ұсынысын білдірген тіл жанашырларына алғысын білдірді.
Дүйсенбек Аяшұлы,
«Сыр бойы»