Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАСТАҢҒЫ – БАҚЫТ БАСТАУЫ

БАСТАҢҒЫ – БАҚЫТ БАСТАУЫ

Қай ұлтты алсақ та, көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан қымбат қазыналары болады. Сол сияқты қазақтың ұлттық ойындары да бабаларымыздан қалған асыл қазынасы, ұлтымыздың құнды мұрасы десек қателеспейміз. Тарих беттерін парақтасақ, оның бастауы тым тереңде. Ұлттық ойындар арқылы халқымыз түрлі жаттығулар жасап, дене шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстана алады. Тіпті денсаулықты нығайтуға да пайдасы зор екені белгілі. Нақтырақ айтсақ, ұлттық мұраны үйренудің әрі күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуде орасан үлесі бар. Яғни әр баланың жеке қасиеттерін даралап көрсетіп, дүниетанымын кеңейтіп, алға ұмтылдырып, жетелейді, болашаққа қанат қақтырады, тұлға ретінде қалыптастырады. Ептілік пен қағылездікке, психологиялық және физиологиялық жағынан жетілуге, жылдам ойлауға, ой-сананың дамуына, жан-жақты қырағылыққа да тәрбиелейді. Ендеше, біз бүгін сол ойындардың ішінде халық арасында ұмыт болып бара жатқан «Бастаңғы» ойыны туралы сөз қозғамақпыз.
Жалпы аталған ойынды үй иесі сапар шеккенде аман оралсын деген ниетпен жасайтын болған. Әсіресе, бастаңғыға жастар келетін болған соң, бір-бірін танысын, білсін деген ниетте көбіне қызы бойжете бастаған шаңырақтар ұйымдастырған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген берік қағиданы ұстанған қазақ қыздары, әдетте бұндай басқосуларға жеңгелерімен немесе інісіңлілерімен бірге баратын болған. Ол жерде құлақ құрышын қандырар ән, жыр, терме айтылған. Бастаңғы қалай ойналады, пайдасы қандай? Бізге бұл туралы аудан тұрғыны, жасы жетпістің желкенін тартқан Қалдан Ахметова әже айтып берді.
– Қыз баласы балиғат жастан асқан соң анасы, жеңгелері ақылын айтып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндірген. Сондай-ақ қыздар бойжете бастағаннан-ақ, кең етек көйлек киіп, сырға, алқасын тағып құлпырып жүретін. Содан болар «Қызды ауылдың қызығы бітуші ме еді?» деп әзілдейтінбіз. Ал жас кезімізде бастаңғы көп ұйымдастырылатын. Үлкендер той-жиынға кеткенде, ауыл жастары бас қосатын. Тіпті дастарханға қоятын дәмдерін де өздері әкелетін. Бастаңғыда бозбала, бойжеткендер өзара танысып, қалжыңдасатын. Әннен шашу шашылып, жігіттер өнерін ортаға паш ететін. Арасында ұлттық ойындар ойнайтынбыз. Жақсы өнер көрсеткен жастарға үй егесі ризашылығын білдіріп, «баутағар» рәсімін жасайтын. Яғни арнайы шапан немесе басқа да сый-сияпат табыстайтын, – деп жастық шағын еске түсірді ақ жаулықты әже.
Иә, қай салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ұлттық ойын түрлерін алсақ та, бәрінің бір ғана мақсаты бар. Ол – саналы, салиқалы, дені сау, білімді, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу. Ендеше, бүгінгі мақалаға арқау болған бастаңғы ойынының да ұрпақ тәрбиелеуде тигізер үлесі зор десек артық айтқандық емес. Тарқатып айтсақ, бір жағынан жастардың үйде отырып томаға-тұйық болып қалмауына, елмен араласуына, замандастарымен жақын танысуына ықпалын тигізсе, екінші жағынан нәзікжандарды қазан-аяқ ұстауға, дастархан жасай білуге, қонақ күтуге үйрету. Сондықтан көзден кетіп, санадан өшіп бара жатқан бастаңғы ойынын қайта жаңғыртуымыз керек сияқты.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
05 наурыз 2024 ж. 210 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930