«Бес тастың» берер пайдасы

Ұлттық ойын түрлерін тізгенде ептілік пен қағылездікке, психологиялық және физиологиялық жағынан жетілуге, жылдам ойлауға, ой-сананың дамуына, жан-жақты қырағылыққа тәрбиелейтіні жетерлік. Ендеше, біз бүгін сол ойындардың ішінде халық арасында ұмыт болып бара жатқан «Бес тас» ойыны туралы қозғамақпыз.
Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» еңбегінде «бес тас» ойынына терең тоқталып, оның ежелгі сақ-ғұн тайпаларынан бері келе жатқандығын жазады. «Бес тас» аталуы да, ойналатын тастардың санына байланысты туса керек. Әр нәрсенің өз қиындығы болатыны секілді, аталған ойын түрін ойнау да оңай емес. Жеті кезеңнен тұратын ұлттық ойын түрін тастан бұрын, еліктің асығы, сүйек, ағаш түрлерімен де ойнаған. Тағы да айта кететін жайт, ойынның бұл түріне жасөспірімдерден бастап, қарияларға дейін қатыса алады.
– Кішкене кезімізден «бес тас» ойынын ойнап өстік. Тіпті көшеде балалар арасынан жарыс та ұйымдастыратынбыз. Жас ұрпақ жан-жақты дамуға болатын ойын түрінен хабарсыз. Яғни біреу білсе, біреу білмес. Қазіргі таңда балалар ұлттық ойын түрлерін тек мереке-жиындар да ғана ойнайды. Қолы қалт етсе, қалта телефонына үңіле жөнеледі. Адамды ептілікке тәрбиелейтін ойынды әлі күнге дейін жұбайым екеуміз ойнаймыз. Балаларым әлі жас болғандықтан үйреткенім жоқ, дегенмен ұлттық ойынды жүрген жерімде насихаттап жүремін, – дейді аудан тұрғыны Гүлзат Тілеужанова.
Бұл тек бір ғана жанның пікірі. Ал кейбіреулер ««Бес тас» ойынының пайдасы қандай?» деп ойлауы мүмкін. Ата-бабамыз мұның сырын баяғыда білген. Қыз баласы бойжеткен соң салт-дәстүрді санасына құйғыза отырып, құлағына сырға, шашына шашбау, үстіне бүрмелі көйлек кигізіп, нәзік жанды білуі тиіс үй шаруасына бейімдеген. Шаруаның көбі қос қолмен атқарылатындықтан, қыздарды демалдыру үшін арасында үзіліс жасап, аталған ойын түрін ойнатқан.
Ойын барысы қызыққа, тартысқа толы. Оның шарты бойынша, алдымен бес тасты алақанға салып, қолын жоғары серпіп бір, екі, үш, төрт т.б. түрлі тәсілмен жерге түсірмей қағып алуы керек. «Балта шабу», «тоқылдақ», «тарақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «кедергі» сияқты кезеңдерден тұратын ойын, адамды өзіне әп-сәтте баурап алады. Қызығына кірсеңіз, бір серпіліп қаларыңыз анық. Ал дөңгелене отырып ойнайтын спорт ойынының соңғы кезеңіне тек кіл мықтылар ғана жете алады.
Ендеше, көзден кетіп, санадан өшіп бара жатқан «бес тасты» сіз де ойнап көріңіз.
Фариза КЕНЖЕШОВА