ДАЛА ЖҰМЫСЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары Шиеліде биыл да қарқын ала бастады. Техникаларды дайындау, шаруашылық жұмыстарын қамдау – ауыл шаруашылығы саласының мамандары үшін күн тәртібінен түспеген мәселе. Себебі егілетін өнім мол. Ал биылғы егістік көлемі қандай? Қара жерге дәнді дақылдардың қай түрін көбірек егуге басымдық береміз? Осы және өзге де маңызды сауалдардың жауабын аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мамандары берген жауабымен тарқатайық.
Биыл аудан бойынша 30 109 гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде күздік бидай – 848 га, жаздық бидай – 513 га, тары – 250 га, дән жүгері – 900 га, мақсары – 900 га, күнбағыс – 50 га, соя – 70 га, жаңа жоңышқа – 3500 га, ескі жоңышқа – 6123 га, мал жемдік асқабақ – 300 га, жемдік жүгері – 100 га сондай-ақ, картоп – 1230 га, көкөніс – 1825 га және 2 440 га бақша дақылдары егіледі. Ал негізгі дақыл күріштің үлесі – 11 000 гектарды алып отыр. Сондай-ақ биыл әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, бидай 1421 га, тары мен жүгері 1250 га, майлы дақылдар 1020 га, мал азықтық дақылдар 9923 га және картоп, көкөніс, бақша дақылдары 5495 га ұлғайту көзделуде, – дейді сала мамандары. «Су – тіршілік көзі» дейді дана халқымыз. Әрі бұл – шындық. Соңғы жылдары шаруалар аяқсудың тапшылығынан қиындық көруде. Ала жаздай бейнеттенген диқанның еселі еңбегі сусыз қалып, күнге күйсе, алынатын өнімнің де көлемі кеміп кетері сөзсіз. Сондықтан биыл суды үнемдеу мақсатында ауыл шаруашылық өнімдерін тамшылатып суару әдісімен егілетін көкөніс, бақша дақылдарын 620 гектардан 1802 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Өткен жылы аудан әкімінің бастамасы аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік импортын азайту мақсатында ауданда әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдары арасында жер дайындап беру мен үлестіру бойынша 1520 гектар жер тұрғындарға берілген болатын. Тұрғындар өзіне қажетті картоп, сәбіз, қызанақ сияқты өнімдерін егіп, қыстан қысылмай шықты. Осы жұмыс биыл да өз жалғасын тауып, 1700 гектар жер дайындау жоспарға енгізіліп отыр. Бұл – тұрғындар үшін, қуанарлық жағдай. 2024 жылдың егісіне 170 тонна күздік бидай тұқымы дайындалып, егілсе, көктемгі дала жұмыстарына 115 тонна жаздық бидай, 22,5 тонна мақсары, 35 тонна жоңышқа және негізгі дақыл күріштің 2750 тонна тұқымдары құйылды. 2750 тонна күріш тұқымының 256 тоннасы жоғары сұрыпты I-репродукция және 2164 тоннасы II репродукциялы тұқымдарға жатады. Олар «лидер» және «маршал» сорттары. Сала мамандары егілетін егістікке 14 080 тонна минералдық тыңайтқыш қажет дейді. Оның ішінде: аммоний сульфаты 7100 тоннаға, карбамид 3800 тонна, 80 тонна байытылған суперфосфат, 2450 тонна аммофос, 400 тонна ¬аммиак силитрасы және 250 тонна тыңайтқыштың басқа да түрлеріне шаруашылықтар тарапынан сұраныс жасалынды. Бүгінде қолда бары 7676 тонна, яғни қажетті көлемнің 54,5%-ы бар. Ал, арамшөптерге қарсы қолданатын гербицидтердің барлық қажет көлемі 11315 литрді құрап отыр. Оның ішінде рейнбоу – 2365 литр, солито – 8200 литр, 200 литр гулливер, 100 литр гербитокс, 100 литр номини, 250 литр каратэ және 100 литр басқа да түрлеріне шаруашылықтардан сұраныс түскен. Осы ретте Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әшірбеков – Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымы жаңа үлгідегі МакДон, Джон Дир, Класс, Енисей, Есіл маркалы соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы технологияларымен толықтырылып, егістік алаңында қолданылуда. Аудан бойынша 4 жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалармен 63%-ға техника паркі жаңарған. Биылғы жылы да 10 техника алып келу жоспарда бар. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолында көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 581 дана ауыл шаруашылық техникасы, оның ішінде 335 дана трактор, 78 дана соқа, 46 дана тұқым сепкіш, 51 дана автомашина және 71 дана трактор тіркемесі дайын, – дейді сала басшысы. Көктем шығып, дала дүбірі басталар сәтте диқан қауымы алдымен дизель отынынан тапшылық болмауын назарға алады. Осыны ескерген сала мамандары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тарапынан көктемгі егінге мемлекеттен бөлінетін арзандатылған 1815 тонна дизель отынына сұраныс берген. Жеткізуші оператор болып «РК Мұнай» ЖШС таңдалды. Әзірге сала мамандары 1 литр дизель отының бағасы нақтыланбағанын тілге тиек етті. Иә, сонымен ақпарат көздеріне назар салсақ, атқарылар жұмыс аз емес. Білікті мамандар жүйелі түрде жұмыс істеп, үнемі назарда ұстап отырса, еткен еңбектің бейнетін көрер күн де алыс емес. Ең бастысы, диқандардың еңбегі желге ұшпай, қамбамыз алтын дәнге толып, ырысымыз арта беруін тілейміз.
Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ