БЕЙНЕТПЕН КЕЛГЕН ҚҰРМЕТ
Өткен жұма, аудандық ардагерлер үйінде кеңес мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Басты себеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Қазақстан республикасының Құрметті азаматы» республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанған ардагерлерге төсбелгі табыстап, марапаттау.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, ауданда белсенді жұмыс атқарған ардагерлерге алғыс айтып, құттықтау сөз сөйледі.
– Маржан Сәдуақасова қоғамдық жұмысқа келгелі, ауданда оң өзгерістер болып жатыр. Бейнет етіп, зейнетке шыққан ардагерлердің көңілін көтеріп, еңбегін елеп, жұмысқа ынталандыру үшін қоғамдық қорлармен жұмыс атқарып, кітапқа енгізіп, түрлі марапаттар дайындады. Соның біріне бүгін куә болып отырмыз. Жақында теміржол ардагерлері кеңесінің төрайымы болып сайланды. Қоғам үшін деп бір тиын ақы алмай қызмет етіп келе жатқаныңыз үшін сізге осы аудан ардагерлерінің атынан үлкен алғыс білдіремін, – деп марапаттау рәсімін бастады.
Қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан республикасының Құрметті азаматы» төс белгісімен Ахмет Төрехан және Ақтай Ақбергенов марапатталды.
Жеңіс тұғырынан көрінген ардагерлердің айтулы марапатымен, құрметті сот ардагері Тұрмат Баймағамбетов құттықтады.
– Бүгінгі үлкен марапатқа ие болған азаматтарды жеңісімен құттықтай отырып, осы марапатқа ұсыныс жасап, басы-қасында жүрген Маржан Сәдуақасоваға рақмет айтамын. Басқа да ардагерлердің еңбегі еленіп, осындай жетістікке жете берсін. Еліміз аман, бейбітшілік заман болсын, – деп шынайы тілекші екенін жеткізді.
Жиын соңында ардагерлер кеңесінің мүшесі, осы марапаттауға тікелей арқау болған Маржан Сәдуақасова түйіндеді.
– Ардагерлердің жұмысын елге, келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында, қоғам үшін еңбек етіп келе жатқан ардагерлерді ұсынуды жөн санадым. Нәтижесінде, ардагерлеріміз оң бағасын алып, үлкен сенімді ақтады. Алдағы уақытта бұл үрдіс өз жалғасын табады, – деді Теміржол ардагерлер кеңесінің төрайымы.
Иә, зейнет жасына шықтым деп үйде отырмай, қоғам үшін қызмет етіп жүрген абыз ақсақалдарымызға қандай марапат берсе де артық етпейтіні даусыз. Алдыға қойсаң айбар, бетке ұстасаң бедел болатын ардагерлердің қуанышына біз де ортақтасып, куә болып қайттық.
М.ИБРАГИМОВ