ШИЕЛІГЕ ЖЕРСІНГЕН ЖЕМІСТЕРДІҢ ПАТШАСЫ
Бүгінде теріскей беттің тұрғындарының аузынан анардың дәмі әлі кетпеген болар. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, марқұм В.Кривенконың ауласында кәдуілгі анар ағашы өскен. Сол кездегі аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та Шиеліде жерсінген анар ағашын көріп, таңғалысын жасыра алмаған-ды.
Қолда бар дерек бойынша, соғыс ардагері Василий қарт бұл жеміс ағашының көшетін арнайы Өзбекстанның Ташкент қаласынан алдыртып, еккен көрінеді. Көзі тірісінде өзі күтіп, баптап, өсірген мәуелі ағашында қанша дана анар жемісі бар екенін де санап тұрып айтып беретін болған. Біздің жерде субтропиктік климатқа тән жеміс өседі дегенге сенбейтін боларсыз. Сәйкесінше, түрлі сылтау да ойлап табарсыз. Бірақ қазақта «Қалауын тапса қар жанады» деген мақал бар. Адам баласы бір нәрсеге бар ынтасымен берілсе, одан міндетті түрде нәтиже шығатыны анық. Сол сияқты шағын шаруалар Қиыр Шығыс халқы «жемістердің патшасы» атап кеткен анарды тәрк етпей, жайнатса игі. Жалпы бұған дейін, Шиеліде шабдалы жемісінің жақсы өсетінін білетінбіз. Ал енді анар ағашын да ерінбей егіп, күтіп баптау қолдан келетін дүние. Тек ынта мен ниет керек. Себебі қасиетті Жер-Ана – біздің ризығымыз. Оны қадірлей білсек, ол да бізге мейірімін төгеді.