ҰСТАЗ ҒИБРАТЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Бүгінгі мақаланың кейіпкері саналы өмірінің 43 жылын ұстаздық жолға арнап, білім саласында бел жазбай еңбек еткен – Абай Баукенұлы туралы болмақ.
Ол 1943 жылдың 19 қазанында Шиелі ауданында қарасты «Үлгілі» колхозында дүниеге келген. Әкесі Баукен колхоз шаруашылығына еңбегі сіңген «Құрметті колхозшы» болған. Жемісті еңбегінің арқасында 1935 жылы «Қазақстанның XV жылдығы» медалімен, 1941 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1941-1946 жылдары «Үлгілі» колхозының басқарма бастығы болған. Ал анасы Тәшен Исаханова ақкөңіл, мейірімді жан болатын. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деп Д.Ушинский жазғандай, шыны керек, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, ұстаздық саласы барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. Кейіпкерімізбен тілдесе отырып, тың деректер мен қызықты оқиғаларға қанық болдық. Қараңызшы, 14 жыл мұғалім, 8 жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 21 жыл мектеп директоры қызметін атқарды. Әрине оның бір азаматқа артар жүгі аз емес. Бір кезде Сырдың дүлдүл ақындары Н.Бекежанов пен Ә.Тәжібаев сапарлап жүріп. Шілдеханаға тап келеді де, нәрестенің есімін Абай деп қойып, былайша өлең жолдарын түсірген көрінеді. Баукен ініме Ауылға келіп қалдым, Баукен інім, Қып-қызыл жарылыпты қызыл гүлің. Келешек ғалым болып, ақын болып, Халқыңа төгіп тұрсын күннің нұрын. Ақын боп Абайдай боп дауылдасын, Мәңгілік ұмытпасын бауырласын. Досына дос боп өтсін, дұшпанына, Тас болсын, қайсар болсын, табынбасын! Расында, аузы дуалы ел ағаларының сөзі шындыққа айналып, Абай ата өзінің еңбек жолын ұстаздық арнаға бұрды. Бала кезінен елгезек, сезімтал болып өскен ардагер-ұстаз бір сөзінде: Өмірге көп күттіріп келген жалғыз ұл болғандықтан ба, еркелігім бір басыма жететін. Тентек бала болдым, – деді күлімсіреп балалығын еске алып. Жастайынан алғыр, әдеби шығармаларды оқуға құштар болып өскен бала орта мектепті бітірген соң, 1962 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне түседі. Жоғары білім ордасын қатарларымен жақсы бітіріп шығады. Содан кейін институтты ойдағыдай бағаға аяқтап, 1966 жылы өзі өскен ауылға оралып, ауыл мектебіне мұғалім болып еңбек жолына кіріседі. Айтқандай, олжасыз да емес еді. Сол жақтан өмірлік қосағын да тауып келіп, ата-анасын бір марқайтқан еді. Абай Баукенұлы – зеректігі мен еңбекқорлығының арқасында – аудандық білім бөлімі мен облыстық білім департаментінің бірнеше мәрте Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарының иегері атанды. Білім беру саласындағы жетістіктеріне байланысты аудан, облыс әкімінің марапаттарын иеленіп, 1996 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне қадады. Сондай-ақ өнегелі ғұмырында қаншама шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген іскер басшы, өз ауылының жанашыр азаматы десек, артық емес. Себебі ол мектеп басқарып жүрген жылдары ұстаздардың біліктілігіне баса назар аударған. Тіпті оқушылардың да білім алу сапасына зор мән берді. Қызметтес болған ұстаздар З. Ишанқұлова, К.Молдағұлова, Ә.Отарбаев, К.Парманқұлова, Б.Құлтаев, Р.Нысанбаева, Қ.Сардарбекова, С.Байжанов, Т.Оразова, Ш.Рахышов, Ғ.Бегмановалар секілді білімді мұғалімдердің еңбегіне сүйсініп, әрқашан мадақтап, жас мамандарға үлгі ретінде айтып жүреді. Бүгінде Абай атамыз үлкен шаңырақта жан жары Күләйхан апа екеуі үлгілі әже мен ата. 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. Жұбайы да өзімен бірге ұстаздық етті. Бастауыш сыныпта бірнеше жыл ұстаз болып, қазір құрметті демалыста. Үнемі «Менің байлығым – балаларым» деп айтып отыратын ұстаз балаларының бәрінің де жоғары оқу орнын бітіруіне ықпал етті. Гүлбану, Айгүл, Гүлнар, Елдосы өзінің жолын қуған мұғалім болса, Абзалы – инженер, ал қызы Жанат пен келіні Жанар бухгалтер, кіші келіні Хорлан да оқушыларға сабақ береді. Абай атаның әулетін ауыл жұртшылығы «Ұстаздар әулеті» деп атайды. Керемет емес пе? Бұл өте орынды. «Баладан немере тәтті» деп бекер айтпаса керек.Солардың бал күлкісінен қуат алатын ата қазір құрметті еңбек демалысында. Солай болса да, әрдайым ауыл ішіндегі жиындарға, шараларға қатысып, өз пікірлерін білдіріп отырады. Қарапайым жан ғой, үлкенге құрмет, кішіге ізетпен қарап, өзінен кейінгілерге өнеге көрсетуінен жаңылыспай келеді. «Ендігі арманым – елге қадірлі қария болсам екен, халыққа көмегім тисе игі» дегенді көп айтатыны да сондықтан болар. Иә, адам баласының ұзақ өміріндегі белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Сексеннің сеңгіріне келген Абай Баукенұлының ғибратты ғұмыры қысқаша осындай. «Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген тәмсіл сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан кейіпкеріміз – бақытты жан, асқар тау әке, үлгілі ата, ұлағатты ардагер ұстаз. Жан-жағы ұрпағымен жайқалып отырған Абай атамызға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетіміз бар. Ұстаз ғибраты ұрпаққа мәңгі өнеге ғой. Осыны ұмытпайық...
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ