Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТОҚСАН БЕСТЕ ЖАСЫ БАР, ГАЗЕТ ОҚУҒА АСЫҒАР

ТОҚСАН БЕСТЕ ЖАСЫ БАР, ГАЗЕТ ОҚУҒА АСЫҒАР

Несіне қуанасың бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнекей жағада тұр, - деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырға қосқандай, қариялардың қатары сиреп бара жатқанын құлақ естіп, көзіміз көріп жүр. Сөз қадірің, өз қадірің деп біліп, үлкенді үлгі тұтып, алдынан кесе-көлденең өтпейтін қазақ үшін ақсақалды аталар мен ақ жаулықты аналардың орны ерекше. Өйткені, олардың әр сөзі өнеге мен ақыл-парасатқа толы. Бар тілеуі отбасының амандығы мен елдің тыныштығы болған данагөй қарияларымыздың бар болғаны біз үшін үлкен бақыт емес пе?
Қазіргі таңда Шиелі ауданында тоқсан жастан асқан 58 қария бар. Барлығы дерлік өз заманында адал жұмыс істеп, бүгінде тамыры тереңге жайылған бір-бір әулеттің ұйытқысына айналып отыр. Қария – ағып жатқан дария, тілегей теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы қандай болса, қарт кісілердің де көңілі сондай кіршіксіз мөлдір. Бүгінгі кейіпкеріміз аудан тұрғыны, 95 жасты еңсерген Тастай Халыбеков ақсақал. Осы жасқа келсе де, газет пен журналдарға жазылып, көзілдіріксіз оқығаны біздерді таң қылды. Біз де сұхбаттасуға асығып, атамызға арнайы сәлем беруге үйіне бардық. Ақ көңіл, қонақжай атамыз бізді жылы қарсы алып, өзін таныстырды. – Мен 1929 жылы 1 мамыр күні осы ауданда дүниеге келдім. Қазір 95 жастамын. 1939 жылы 10 жасымда дарияның арғы бетінен, қазіргі Ақтоған ауылына қоныс аударып келдік. Енді қоныстанып, үйімізді салып болғанда сұм соғыс басталып кетіп, ауылда тек шал-кемпірмен, біздей жас балалар қалды. Менің де әкем соғыс майданына аттанды. Ауылда бастауыш мектепке оқуға барып, латын әрпімен білім алдық. Елде егде адамдар болмаған соң, бізді мектептен шығарып алып, колхозға жұмысқа алды. 1950 жылға дейін сол жақта жұмыс істеп, әрі қарай әскерге бардым. Әскери міндетімді Тәжікстанда үш жарым жыл өтедім. Қиын заманда әскерден оралған соң, теміржолға барып жұмыс істедім. Теміржол таршылық кезеңде халыққа ең жайлы мекеме болды. Сонымен, ептеп есімізді жиып, мемлекеттер де күшейе бастады. Он жылға жуық теміржолда жұмыс істеп, денсаулығыма байланысты бригадир болып істедім. Шиелі өңіріне екі-үш мектеп соғып, үйлердің құрылысын жүргізе бастадық. Сол уақытта 120 мың ақшамен зейнеткерлікке шығып, қазір 200 мыңнан аса пенсия алып отырмын, – дейді тыл ардагері. Бір езуі алтын, бір езуі күміс, көмейі қазынаға толы абыз ақсақалдың 3 қызы мен 2 ұлы бар.
Осы өсірген ұл-қыздарының арқасында 19 немере, 44 шөбере сүйіп отыр. Барлығы да өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп, қыздары зейнет жасына шыққан. «Қазір бес ата Көзей руының үлкені болып отырмын. Барлығы жағдайымды сұрап келіп тұрады. Аллаға шүкір, қазір қолымда ұлым мен келінім тұрады. Барлық жағдайымды жасап отырған балаларыма үлкен алғыс айтамын. Қазақта «жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер деген сөз бар. Жасымда қиын уақыттардың бәрін көрдік, ал қазір соның зейнетін көріп отырмын», – дейді. Ақсақал сүйіп оқитын газеттерінің бірі «Өскен өңір» екенін де тілге тиек етті. Әр шыққан санын асыға күтіп отыратынын жасырмаған ол «Бұл «Өскен өңір» – ауданның айнасына айналған газет. Басылымның әр санын оқи отырып, аудан жаңалықтарынан хабар алып, қуанып отырамын. Күннен-күнге жаңарған, жаңғырған елдің жақсы жаңалықтары көп болуын тілеймін. Осы жастағы адамдың қолынан тек елдің тілеуін тілеп отыру ғана келеді. Менің тілейтінім – ел іші тыныштығы мен халқымның амандығы, - деп қария сөзін қорытындылады. Иә, ғасырға жуық ғұмыр жасап келе жатқан қарияның ақыл-өсиетін, ақ батасын алып, қош айтысып, редакцияға қарай бет алдық.

Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ

20 ақпан 2024 ж. 120 0