Ғасыр жасаған кейуанаға құрмет
Көктем-тіршіліктің бастауы. Қыстың ызғары мен суығына сіреу боп қатқан науат қардың бауыры сөгіліп, жер бетінде тіршілік қайта оянады. Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында ғасырға қадам басқан бүтіндей бір әулеттің алтын қазығы мен елдің ақ жаулықты анасына айналған Әлима Алдажұманова әжеймен әңгімелескен едік.
Бүгінде бір әулеттің ғана емес, ауданның, тұтас дәуірдің келбетіне айналып, ел анасындай ерекше сыйға ие Әмина апаның өмір белесі көптің көңілінен шығып биыл ғасыр жасқа келіп, жүзге жуық ұрпаққа ана болған кейуана жайлы айтпақпыз.
«Бақыт» жайында сөз қозғағанда, әркім әр түрлі ой түйеді. Біреулер оны елдің тыныштығы десе, енді бірі отбасының амандығы мен берекесі дейді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев: «Бақыт деген-сенің бала күндерің, бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің» деп балайды. Шындығында, жер бетіндегі жұмыр басты пенденің ұзақ жасауы да – бір бақыт. Сондай жанның бірі Әмина апаның өмір белесі аштық, одан қалды соғыспен тұспа-тұс келген екен. Ол 1925 жылы Ташкент облысы, Славян ауданында дүниеге келген. Содан кейін ашаршылық белең алған шақта отбасымен түгелдей Қазақстан жеріне тұрақтайды. Содан жас бойжеткен колхоздың қара жұмысына жегіліп, канал қазу жұмыстарын бел жазбастан атқарып, ауыр күнді бастан кешті. Тағдырдың тауқыметін тартып, еңбекке ерте жегілген кейіпкеріміз 1943 жылы Құрманбай ақсақалмен шаңырақ құрады. Отағасы Құрманбай колхозда күрішші болып еңбек етеді. Одан қалды, 1973 жылдан бастап колхоздың малын бағып еселі еңбек еткен ақсақал өмірден кеткен соң бар ауыртпалық Әмина апайға жүктелді. Бүгін тың отыруының себебі ерінбей еңбек еткенде деп отыр. Қос жанарының нашарлағаны болмаса, көкірегі сайрап, басынан өткен ауыр күндерін күрсіне еске алды.
– «Біз қынадай қырылған аштық пен сұрапыл соғысты көзбен көріп өстік. Біздің кеземізде техника болған жоқ. Барлығын мына екі қолымызбен істейтінбіз. Бала болып ойнамадық, қара жұмысқа жегілдік, масақ тердік барлық қиындыққа бетпе-бет келдік. Ең бір қиын заманды бастан кештік, қазір тыныш заман ғой» деп іштей күрсінді Әмина әжей!
Бүгінде өз кіндігінен өрбіген 6 ұл-қыздан, 26 немере, 65 шөбере бар. Балалары өмірден өз орнын тауып, түрлі салада қызмет етіп жүр. Бүтіндей бір шаңырақты шаттыққа толтырып, елдің бірлігін ойлап отырған анаға бізде бақыт тіледік.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ