103 жастағы кейуана ұзақ жасаудың сырымен бөлісті
Ұзақ өмір сүрудің құпиясы неде? 103 жастағы көпті көрген Төлеухан есімді апа Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне осы сұраққа жауап берді.
Жұбайымен бірге бар өмірін мал шаруашылығына арнаған 103 жастағы Төлеухан апа бүгінгі күні өнегелі өмірімен көпшілікке үлгі болған ақниетті абзал жан. Апаның өмірі осыдан 24 жыл бұрын күйеуі, одан кейін қызы қайтыс болғанда жаңа арнаға бұрылған екен.1995 жылы шарасыз күйді кешкен кейуананы күйеу баласы Нүсіпхан Қожанов, тағы да өзге туысқандары қиын-қыстау кезеңде жалғыз қалдырғысы келмеген. “Өз қолыма аламын” деумен көптеген жақындары оған қамқор болғысы келді.
Бірақ Төлеухан апа күйеу баламның үйінен басқа жерге бармаймын деген шешім шығарып, Қожановтың қара шаңырағына келген. Ардақты кісі ерлі-зайыптылардың балаларын ерекше жақсы көрген екен. Сол уақыттан бері бүгінгі күнге дейін ол күйеу баласының үйінде тұрып, немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп келеді.
Негізі, апа күйеу баласының үйіне көшіп келгенде Батимахан есімді қызы 2005 жылға дейін анасының қасында болған. Қожанов әйелі дүниеден озып кеткен соң, енесі, төрт қызы мен ұлына қарап, оларға қамқорлық танытты. 68 жастағы ер кісі Төлеухан апаны өз анасындай жақсы көріп, 24 жыл бойы оның қас-қабағына қарап өмір сүріп келеді.
Кез келген адам 103 жасқа дейін өмір сүре алмайды. Апаның немересі Алманың айтуы бойынша, оның анасы, әкесі жағынан да ұзақ жасаған адамдар болған. Алманың сөзінше, ұзақ ғұмыр сүрудің құпиясы ағарған ішіп, салауатты өмір салтын ұстануда.
“Ұзақ жасаудың сыры қымыз, шұбат, ақ қой. Бұрынғы кезде қазақтар қымыз, шұбат ішкен ғой”, — дейді апаның Алма есімді шөбересі.
Кейуананы қамқорлығына алған ер азаматтың ісін бүгінгі күні ерлікке балауға болады. Себебі, біздің қоғамда өзгенің емес, өзінің ата-анасын далада тастап кететін адамдар бар. Сондықтан қазақстандықтардың ішінде Қожановтың жомарттылығына сүйсініп, кейуанаға жасына жас қосуды тілейтіндер көп.
Stan.kz