Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘДЕПТІ КЕЛІН – АУЫЛДЫҢ КӨРКІ

ӘДЕПТІ КЕЛІН – АУЫЛДЫҢ КӨРКІ

Қазақ қыз баланың тәрбиесіне аса мән берген халық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп оған ұрпақ болашағының ұйытқысы ретінде қараған. Текті ортадан шыққан қыз биязы да ибалы мінезімен тәнті етіп қана қоймайды. Келін болып түскен ауылдың берекесін, ынтымағын арттырып, ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың сақталуына мұрындық болады. «Келіні жақсының – керегесі алтын» деген тәмсіл сөз осындайда айтылса керек. Ғасырлардан жалғасып келе жатқан бүл игі үрдіс әлі сақталып келеді.

«Бестам» ауылдық клубының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен ауылдық «Әдепті келін – ауылдың көркі» атты көше аралық келіндер сайысы сол ұлттық құндылығымызды паш еткендей болды. Шараның басты мақсаты – қазіргі жас келіндер арасында ежелден ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келінінің бойынан табылуы тиіс игі қасиеттерді қайта жандандыру. Аталған салтанатты шараны ауыл әкімі Мұрат Қыпшақбаев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілдә Ибраев пен қауымдастық ұйымының төрағасы Кенжебек Қыпшақбаев, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Үрләй Оспанова ашып берді. Сайысқа 6 келін қатысып, төрт кезең бойынша сынға түсті. «Тегін білу тектілік» демекші, алдымен қатысушылар өздерін таныстырды. Осы кезде үлкен экраннан үміткерлер туралы бейнебаян жүріп тұрды. Онда келіндер атаенесіне сәлем салып, шәйін демдесе, бірі қазан басында, ал бірі мал сауып, бала тәрбиесімен айналысып жатқаны көрініс тапты. Әрмен қарай «Саусағынан бал тамған келіндер-ай!» кезеңінде қатысушылар өз қолымен тағам әзірлеп әкелуі тиіс-ті. Онда қазақтың кез келген келіні пісіре алатын бауырсақ, ет, қуырдақ, бұжы сынды дәмді тағамдар ортаға әкелінді. Құрт, ірімшік, қаймақ пен сүзбе, қымыз, шұбат сынды сүттен дайындалатын тағамдарды жасау барлық қатысушылардың қолынан келетіні белгілі болды. Келіндерге әділ бағасын берер әділқазылар алқасы расында да, келіндердің қолынан бал тамып тұрғанына куә болып жатты. Үшінші кезең өз өнерлерін ортаға салу еді. Бұл сында да келіндердің өнерден кенде еместігі көрінді. Бірі өлең, монолог оқыса, енді бірі ән шырқап, би билеп көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Арасында қолөнермен айналысатын жандар да бар екен. Олар қолдан тігілген сөмке, қоржындарын және қобдишаларын, құрақ көрпелерін көрсетті. Соңғы кезең «Ата мұраң – асыл қазынаң» деген қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақ-жауап кезеңі басталды. Қатысушылар қойылған сұраққа нақты әрі түсінікті етіп жауап берді. Осы тұста Бестам ауылының келіндерінің зеректігіне таңқалдық. Бір-бір үйдің отанасы, келін тәрбиелеп, немере бағып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын аналардан құралған әділқазылар алқасының шешім шығаратын сәті де келіп жетті. Сайысты Кенжегүл Байбол мен Салтанат Қожаева қорытындылады. Кеткен қателіктерді саралап, ескерілуі тиіс ақыл-кеңесін де жас келіндерге айтып өтті. Жалпы бүгінгі шараға қатысқан әрбір келін жеңімпаз екенін баса айтып, «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп» отырған жас аналарға алғысын жеткізді. Сайыс нәтижесі бойынша Әйгерім Қалдыбекова мен Айшабибі Әбілханова Алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды. Ал III орынды Карима Данабекова иеленсе, II орынды Анар Төлегенова қанжығасына байлады. Жүлделі I орынды Гүлжан Бишібекова жеңіп алса, ал бас жүлдеге Гүлсара Секенова лайықты деп танылды. Айта кетейік, рухани құндылықтарға насихатталған шараға Бестам ауылының депутаты Асхат Ермаханов пен клуб үйінің қызметкерлері зор үлесін қосты. Жас келіндерге ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты аналар бата беріп әрқашан осындай жақсы жетістіктен көріне беруге тілектестік білдірді. Біз де ауыл тұрғындарының ұйымшылдығына, ауызбіршілігіне тамсанып редакцияға қарай бет алдық.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ


​​​​
07 ақпан 2024 ж. 235 0