Биыл 19,4 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
Фото: gov.kz
Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 19 мың 476 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 126,5 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (51,9%) Өзбекстаннан, 19,6%-ы Қытайдан, 10,8%-ы Моңғолиядан, 8,5%-ы Түрікменстаннан, 7,2%-ы Ресейден және 2%-ы басқа елдерден оралған.
Биыл 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 60,5%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілер 30,9%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды қамтыды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,3%-ы – жоғары білімді, 33,6%-ы – орта кәсіби білімді, 42,8%-ы – жалпы орта білімді, және 8,3%-ының білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер (Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары) анықталды.
Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 337 адамды қамтыды. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 053 қандас қоныс аударған.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 1 630 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 614 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1 630 адам біржолғы субсидия алды, ал 513 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.
Сонымен қатар, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Еске сала кетсек, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінде республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 058 өтініш (690 отбасы) қабылданды.