Алматыда жыл басынан бері 200-ден аса егіз туған
Фото: kaznovosti.kz
Биыл Алматыда 217 егіз дүниеге келді. Олардың арасында үшемдер де бар. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
Алматыдағы аудандық АХАЖ бөлімдерінің мәліметіне қарағанда, биылғы жылы Бостандық ауданында 39 егіз, Түрксіб ауданында 38 және Алатау ауданында 31 егіз туған. Одан кейін тізімді 31 егізбен – Алатау, 30 егізбен Медеу ауданы, 29 егізбен Алмалы ауданы жалғастырған. Тізімнің соңын 28 егізбен Әуезов, 13 егізбен Жетісу, 8 егіз, 1 үшеммен Наурызбай ауданы аяқтап тұр.
Бұл өте қуанарлық жағдай. Елімізде халық санының өсіп жатқаны – жақсы құбылыс. Талай нәубетті басынан өткеріп, өсу қарқыны бәсеңсіп қалған халқымыз, биыл 20 миллиондық межеге жетіп қуантып отыр. Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, аналардың да алаңсыз балалы болуына жағдайлар қарастырылып жатыр.Босанғанға дейінгі, босанғаннан кейінгі жәрдемақылары өсті. Әрбір бала туылғанда берілетін жәрдемақылар да жыл сайын өсіп отыр. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер проактивті және композитті нұсқаларға көшірілді. Аналар көп қызметтерді ХҚО-ға келмей-ақ онлайн алатын болды, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Фарида Бокижанова.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы жылдары елімізде егіз жігіттер мен егіз қыздардың қосылу жайттары да жиілеп келеді. Бұл жаман үрдіс емес. Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында егіз жігіттер егіз қыздарға үйленген оқиғалар кездеседі. Тіпті, Оңтүстік Қазақстан облысында 32 жыл бұрын егіз қыздарға үйленген егіз бауырлар тұрады. Олардың қай-қайсысы да өмірлеріне риза.
Әлемде 80 мыңға жуық егіз бар көрінеді. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын әлемде 1,6 миллион егіз туады. Қазақстан егіздерді өмірге алып келуі жөнінен әлемде 48 орында. Дегенмен, Қазақстанның әрбір қалалары мен ауылдары жақсы көрсеткіш көрсетіп жатса, 48-орыннан жылжуымыз да ғажап емес.
Алматыда жаңа туған сәбилерге де ерекше есім беріп жатқандар бар. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы АХАТ бөлімдерінің берген мәліметінше, алматылықтардың көпшілігі балаларына Ислам дініндегі есімдерді таңдаған. Олардың қатарында Мұхаммед, Аль-Мұхаммед, Ислам, Мұхаммедәли, Омар, Абдрахман, Фатима, Раяна, Кәусар, Айша, Медина, Ясина болса, көп кездесетін есімдер қатарында тарихи тұлғалар мен қайраткерлер есімдері де бар. Мәселен, Абылайхан, Қазбек, Әбілхайыр, Кенесары, Әлихан, Әміре, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт, Хан, Айғаным, Бөрте, Зере, Томирис және басқа да есімдер қойылған. Сонымен қатар Алдияр, Айсұлтан, Алинұр, Нұрали, Алияр, Аион, Айлин, Інжу , Маржан, Асылым, Марьям, София, Аяла сынды есімдерді де бірқатар ата-аналар таңдаған.
Биылғы жылдың қаңтар-қазан аралығында Алматы қаласында 29 560 бала дүниеге келді. Оның 15 251 - ұл, 14 309 - қыз. Олардың 435 бала егіз туылған - 216 жұбы егіз, 1-і үшем. Алматы үшін тамыз айы нәрестелердің көп туылуымен ерекшеленді. Бұл айда 3310 бала өмір есігін ашқан.