Тарихи мерейтойлар тоғысқан жыл
Биыл облыс үшін тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Шежірелі өңірдің облыс болып құрылғанына 85, қалаға 205, ал бірқатар аудандардың 95 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Жыл аяқталар тұста облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов айтты.
Бір жыл ішінде 100-ге жуық нысан ашылып, 1000-нан аса шара өтті. Сондай-ақ, «Сыр елі» энциклопедиясы, «Сыр елінің тарихы» кітабы, «Қызылорда облысы: 1938-2023» кітап-альбомы әзірленіп, баспадан шығарылды. Жақында кітаптың тұсаукесері болады деп жоспарлануда. Облыстың 85 жылдық тарихын айшықтайтын арнайы деректі фильм «Бұл – біздің Қызылорда» деп аталатын телесериал түсірілді. Бұл туынды да жуырда көрермен назарына ұсынылмақшы. Жалпы 12 серияны құрайтын фильм youtube платформасы арқылы көрсетіледі. Ш.Баймановтың айтуынша, егер көрермен көңілінен шығып жатса, әрі қарай оның жалғасын түсіруге қолдау болады.
Жалпы өңірде қандай да шараның басында ақпарат құралдарының өкілдері жүретіні белгілі. Бұл ретте аппарат басшысы облыстың медиа кеңістігінде 148 (13 мемлекеттік, 135 тәуелсіз) бұқаралық ақпарат құралы тіркелгенін айтты. Оның 120-сы баспа БАҚ, 26-сы интернет-сайттар мен ақпараттық агенттіктер және 2-уі телеарна. Қазір оның 61 пайызы тұрақты қызмет етеді.
Әділет департаментінде 1057 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 400-ге жуығы өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосуда. Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруда облыстық ҚХА құрамында 11 этномәдени бірлестік аудандарда 5 этнобағытталған үкіметтік емес ұйым және 9 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады. Сонымен қатар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығымен тығыз әріптестік байланыс орнатылған. Азаматтық қоғам институтын дамытуға биыл 2 316 872 мың теңге қаржы бөлінген. Ал жастар саясатына бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артыпты.
– Халықты жұмыспен қамту органдары арқылы 14 мыңға жуық жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жалпы несие портфелі 3,1 млрд теңгені құрайтын жас кәсіпкерлердің 65 жобасы субсидияланды. Жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға арналған 2,5% пайызбен жеңілдетілген несие беру арқылы 2,3 млрд теңгеге 504 жастың өтінімі мақұлданды. Қабылданған жұмыстардың нәтижесінде, жастардың жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға төмендеді, – деді Ш.Байманов.
Облыстың мәдениет және спорт саласында бірқатар ауқымды істер бар. Саланың биылғы басты жаңалығы – тұңғыш симфония оркестрінің құрылуын айтуға болады. Облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған арнайы «Тұран» сыйлығы табысталды. Алғаш рет композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» І халықаралық әншілер конкурсы өтті. Тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» облыстық балалар мен жасөспірімдер айтысы өткізілді. Бірінші рет Сыр жас ақындарының Алматыдағы поэзия күндері өтті. Араға 17 жыл салып, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының Алматы қаласында гастрольдік сапары ұйымдастырылып, 10 маман Италия, Беларусь мемлекеттерінде біліктілігін арттырды. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған «Арман» инклюзивті театры іске қосылды. Қызылорда қаласы әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып қайта құрылды. Көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығының» құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сыр өңірінде бірнеше жылдар бойы жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалды. Жақын күндері облыстық музейге табысталады. 8-9 желтоқсанда Астана қаласында Қызылорда облысының өнер күндері өткізіледі.
Спорт саласында да жүлделер аз емес. Қытайдың Хуанчжоу қаласында өткен XIX Жазғы Азия ойындарында 6 спортшы, IV Жазғы Пара Азия ойындарынан 3 спортшы сәтті өнер көрсетіп, жүлдемен оралды. Қамшыбек Қоңқабаев бокстан, Мөлдір Жаңбырбай каратэден күміске ие болды. Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар, Шархан Нұрлыхан дзюдодан, Айжан Досмағамбетова стенд атудан қола жүлдеге қол жеткізді.
Пара Азия ойындарында дзюдодан Олжас Оразалыұлы алтын, отырып ойнау волейболынан қос бірдей спортшы Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов ел құрамасы сапында ойнап, күміс жүлде еншіледі. Будапештте каратэден өткен Әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай Әлем чемпионы, самбодан жасөспірімдер арасында Нұржан Тумырзаев жеңімпаз атанды. Спорттың каратэ түрінен ел тарихындағы тұңғыш Әлем чемпионы Сыр өңірінен шығуы – үлкен жетістік.
Брифинг соңында журналистер ұсыныс-тілектерін жеткізіп, сауалдарына жауап алды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА