Алматыда Сырдың жас ақындарының поэзия күндері өтті
Ғазиз ғұмырдың ғажабын, талан тағдырлы, қым-қуыт мінезді, қуанышы мен қайғысы, көлеңкесі мен күнгейі, адам баласына тән толқу, тебірену, сезіну, ойға бату, мұң кешу, табиғат сұлулығы мен жаратылыс мазмұнынан үйлесім іздеу – ақын әлемінің әз бейнесі. Пенденің жан пердесін зерттеуге ұмтылу, тануға құлаш ұру, туған халқының бары мен жоғын екшеу, сыры мен жұмбағы мол ғаламмен сыралғы досындай қатар тұрып тілдесу, жан әлдилер жарындай ақжарыла сырласу бақытына ие болған ақынның үні үнемі ізгілікке үндейді. Айтпағым, Сырдың жас ақындарының жалынды жырлары жүректерді жылытып жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Міне, осыған орай және өңірдің 85 жылдық мерейтойының құрметіне облыстық мәдениет және спорт басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Алматы қаласында Сырдың жас ақындарының поэзия күндері өтті. Айтулы шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айрықша қолдау көрсетті.
– Сапар туралы айтыла бастағаннан қызу талқылау мен түрлі пікірді естідік. Әрине, республикада тұңғыш рет өткен іс-шараға мұндай көзқарастың болуы заңдылық. Соған қарамастан ақындар Алматыға зор шабытпен барды. Қанша дегенмен өзге өңірге үлгі боларлық бастаманың ұлт әдебиетіне қосар үлесі зор. Танымдық шарадан тағылым алған жастардың пейілі ерекше. Ақындардың талантына тәнті болып, тәжірибе алмасып, жақсы жиындар өтті, – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова.
Алғашқы күні ақындар «Кеңсай» зиратына барып, ұлт зиялыларына арнап Құран бағыштап, зиярат етті. Кейін әл Фараби атындағы Ұлттық мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттерімен тағылымды әңгіме өрбіп, келелі кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ақындардың Алматы телеарнасы мен Қазақ радиосына берген сүбелі сұхбаты көпті сүйсінткені сөзсіз. Облыстық «Qyzylorda» телеарнасы да табиғат аясында түсірілім жасап, өлең оқыған сәттерді таспаға түсірді. Барша ақын-жазушылардың бір-бірін бауырға басып, ілтипат көрсетуі де – жастарға өнеге. Бұл ізеттілік пен ізгіліктің өріс алуына сеп екені айқын.
– Сырдың жас қаламгерлері Алматыға барып, үш күн бойы жыр шуағына жанымызды жылыттық. Алатау баурайындағы алғашқы қадам «Кеңсайға» жерленген ұлт зиялыларына, әдебиет-руханият қайраткерлеріне, даңқты жерлестерімізге Құран бағыштаудан басталды. Сол күннен-ақ Qyzylorda TV-ның сапарлатқандардың сапына қосқан түсірілім тобы Сыр ақындарының поэзия сағаттарын түсіруді бастап, ару қаланың ең көрікті орындарында шалқып өлең оқыған біздің бақытты сәттерімізді мүлт жібермей таспалады. ҚазГУ-де, күзгі реңге көмілген Панфилов паркінде, ақын тағдырлар астасқан Есентай өзенінде өлең оқыған кездеріміз біздің жүрегімізде, телеарнаның алтын қорында сақталады, – деді жас ақын Мақсат Дауылбай.
Сыр ақындарының әдебиеттегі орны ерекше. Оны республика мойындайды. Алматыға барған сапарымызда да мұны анық байқадық. Ел ағаларына сәлем беріп, жастармен таныстық. Рухани серпіліс алдық. Киелі сахнада өлең оқыған сәтте аңыз ақындардан қалған рухты сезіндік. Сырдың сүбелі сөзі, сұлу өлеңі алатаулықтарды тәнті етті. Алматыда үш күн бойы Сырдың поэзиясы салтанат құрды. Алаштың анасы атанған аймақтан арқаланып келген ақындарды құшақ жая қарсы алған аға буынның қолдауы қандай?! Сыйластық сый-сияпатта емес, алғаусыз көңілде екенін аңғартты. Шабытпен жазылған өлеңге қанық болған көрерменнің де ықыласы ыстық.
– Шығармашылық кешке ақын ағалар келіп, тілектестігін білдірді. Әр ақынның авторлығындағы бір-бір әннен орындалды. Сондай-ақ, эстрада жұлдыздары қатысты. Кеш жоғары деңгейде өтті. Бастысы, бата мен оң баға алып, поэзиясүйер қауымның қошеметіне бөлендік, – деді ақын Аружан Оралбай.
Иә, поэзияны сағынған алматылықтар, Сұлтанәлі Балғабаев, Байбота Қошым-Ноғай бастаған таланттар, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып қоштаған классик ақындар, Гүлбаушан Тілеубекова, Гүлнәр Шәмшиева секілді дара дарындар, өлеңге ынтық жастар, жазушы-журналистер, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбай секілді жастарға жанашыр ақындар көрермен болған қорытынды кеш өнеге мекені, шабыт алаңына айналды.
– Сахнаның шырайын шығарған Асылзат Арыстанбек, Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Олжас Сәндібек, Мөлдір Айтбай, Биболат Сәтжан, Айдар Сайлауов, Аружан Оралбай, Ұлықбек Тәңірберген, Ақжол Түменбай, Мақсат Дауылбай тәрізді жас ақындардың сырға толы жырларын оқырман қауым ықыластана тыңдап, қошемет көрсетіп отырды. Сахнада осы ақындардың өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, музалар үндесті. Әсіресе ақындар Ақжол Түменбай мен Мөлдір Айтбайдың жарасты дуэті залды сілтідей тындырды. Алматыға Сырдарияның ақындары жырдарияның жылы ағысын ала келгендей болды, – дейді ақын Байбота Қошым-Ноғай.
Кешке поэзия күндеріне келген ақындардың өлеңдеріне жазылған әндерді орындау үшін Жанар Болатбекова, Ғазизхан Шекербек, Кеңес Әлімжан секілді қазіргі эстраданың танымал әншілері де қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген Қасымхан Бегмановтың «Одаққа серпіліс сыйлаған кеш» деген бағасы елді ерекше тебірентті. Ал академик, ақын Бауыржан Жақып мұндай бастаманың тұңғыш рет байрақ көтергенін, таланттар керуенінің салтанаты тұтас Қазақ даласын тамсандырып жатқанын айтты. Ару Алматының сұлу Сырдың поэзиясына аңсары ауғаны үшін Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов аймақ басшысына Алғыс хатын арнайы жолдады
Кеш Қатира Жәленованың:
«Өрле, жастық!
Өрле сен самғау шыңға!
Саған күнә от болып жанбау сын да!», – деп басталатын жырының қуатымен, Елена Әбдіхалықова апайымыздың «Сыр елі» әнімен қорытындыланды.
Шара соңында Сыр ақындары Қазақстан Жазушылар одағы баскарма төрағасы Мереке Құлкеновтің Алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде ақындар да ақ күріштен жасалған Қорқыт баба бейнесін тарту етті. Иә, игі бастама жалғасын тапса, нұр үстіне нұр. Бұл – парасатты поэзияның парқын түсінуге басты негіз.
Айдар САЙЛАУОВ,
«Сыр бойы»
Қызылорда-Алматы-Қызылорда