Облыс әкімі «Таң» ауылындағы жобалармен танысты
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданындағы «Таң» ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалармен танысты.
Алдымен аймақ басшысы ауылдық мәдениет үйінде мәжіліс өткізіп, облыстық басқармалардың елді мекенді дамыту бойынша ұсыныстарын тыңдады. Облыстық денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, білім, кәсіпкерлік, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары «Таң» ауылын көркейту, абаттандыру үшін қолға алынатын жобаларды таныстырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге сапары кезінде Нағи Ілиясов ауылын аралап көрген соң «Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын»,– деген болатын. «Таң» ауылының да алдыңғы қатарлы елді мекеннің бірі болуға әлеуеті жетеді», – деді аймақ басшысы.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы осындағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Жақында күрделі жөндеуден өткен №118 орта мектебіне, «Таң бөбегі» балабақшасына, өткен жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияға барды.
Мұнан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Таң LTD» ЖШС-ның жеке қаражатына салынған спорт кешенін көрді. Нысан 2018 жылы пайдалануға берілген, жалпы құны 56 млн. теңгені құрайды. Мұнда 11 қызметкер жұмыспен қамтылған, кешенде дзюдо және таэквондо үйірмелері бар.
Сондай-ақ «Диқан ата» күріш ақтау зауыты 5 жыл бұрын іске қосылған, тәулігіне 100 тонна күріш өңдеуге қауқарлы, мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал 2019 жылы ауылдық округке қарасты «Жаңақоныс» елді мекенінде «Агролидер Таң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы ашылған. Кәсіпорын тәулігіне 0,5 тонна ет өндіріп, 15 түрлі (түшпара, манты, қазы, әсіп, бір асым ет және т.б.) өнім шығаруда. Мұнда 8 адам жұмыс істейді.
Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы ауылды көркейту, абаттандыру жұмыстарымен танысты. Еске салсақ, «Таң LTD» ЖШС демеушілігімен ауылда балалар ойын алаңы мен кіші футбол алаңы салынып, түнгі жарықтандыру жүргізілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың құрметіне «Тағзым алаңы» салынып, қазір жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1924 жылы салынған «Әбжәли» мешітінің ғимараты жөнделді.
Аймақ басшысы барлық құрылыс жұмыстарын тиянақты орындап, мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі