Тарихи ескерткіштерге ерекше күтім керек
Қараша айының 4-і күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов және облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов Қаратау қойнауындағы Сауысқандық шатқалындағы петроглифтердің жай-күйімен танысу үшін арнайы іс-сапармен келді.
Аталған орынға бастап келген Нұржан Ахатов тарихи орынның мән-мағынасы туралы бастау сөздің тізгінін аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әбутегі Бекболатқа берді.
Аталған орынға бастап келген Нұржан Ахатов тарихи орынның мән-мағынасы туралы бастау сөздің тізгінін аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әбутегі Бекболатқа берді.
Ықылым заманнан сыр шертетін тасқа қашалып түсірілген бейнелердің арғы-бергі тарихынан ақпарат берген аға ғылыми қызметкер петроглифтердің бүгінгі жай-күйіне тоқталды.
Тарихи орынға келген туристер қадағалаудың жоқтығынан тастағы бейнелердің бетіне шатпақтап өздерінің аты-жөндерін, туған күн, жылдарын жазып бүлдіру фактілерінің белең алғандығын, одан қала берді бір бел асып орналасқан «Балауса» ванадий кен өндіру зауытының шикізатты жарылыс жолымен алуы – таңбалар салынған жақпар тастардың сөгіліп, құлауынан жойылу қаупі жоғары екенін тілге тиек етті. Ежелгі тарихымыздың куәсі болған ескерткіштер кешенін сақтап қалудың бірден-бір жолы – шатқалға кіреберістен арнайы ғимарат соғып (визит центр), сол жердегі тазалық жұмыстарын қадағалау, келушілерге қызмет көрсету үшін ауысыммен жұмыс істейтін кем дегенде 2 штаттық бірлік ашу жөнінде өз ұсынысын жеткізді. Одан бөлек, еліміз егемендік алғалы бері Шиелі өңіріндегі жұмбағы жария болмаған ежелгі қалашықтарға бір рет те археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмегендігін, сол себепті бұл жұмыстарға да бюджет қазанынан қаражат бөлуді сұрады.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы бұл ұсыныстарды қолдайтындығын, алдағы уақытта бұл мәселелер зерттеліп, шешу жолдары қарастырылатындығын атап өтті.
Айта кетейік сол күні тау шатқалында ұйымдастырылған сенбілікке аудандық мәдениет және спорт бөлімі, музей, кітапхана қызметкерлері мен жастар қатысып, тарихи жерлердің тазалығын сақтауға үлесін қосты.
«Өскен өңір» ақпарат