Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ZHAS PROJECT» жобасының жеңімпаздары анықталды

«ZHAS PROJECT» жобасының жеңімпаздары анықталды


Әлеуметтік салаға бағытталған «Zhas project» шағын грант байқауы өз мәресіне жетті. Жобаға өтінім қабылдау барысында NEET санатындағы 18-35 жас аралығындағы 274 жас қатысуға ниет білдірген. Техникалық іріктеуден 98 өтініш өтіп, оның 42-сі байқау талабына сай комиссияның қарауына ұсынылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Zhas project» жобасының Қызылорда облысы бойынша тәлімгері Әкімбек Әлібек хабарлады.

– «Zhas project» жобасы – NEET санатындағы жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталады. Байқауда халықтың осал топтары мен шалғай ауылдық елді мекендердің жастарына ерекше басымдық берілді. Сонымен қатар, жобаның бірінші кезеңінде 400-ден астам қатысушы кеңес алып, шалғай аймақтарда тұратын жастармен кездесу ұйымдастырылды. Екінші кезеңде іскерлік дағдыларды үйрету, дамыту және жүзеге асыру бойынша тренингтер өткізілді. Ал үшінші кезеңде «Zhas Project» байқауының жеңімпаздары өз әлеуметтік жобаларын облыс жұртшылығына, БАҚ өкілдеріне және меценаттарға ұсынды, – деді Әкімбек Әлібек.

«Zhas project» жобасының қорытындысымен 14 бизнес-идея үздік деп танылып, оны жүзеге асыруға 1 млн теңге көлемінде қаржы берілді. Соның бірі – жаңақорғандық Бөкейхан Пірмат ұсынған вулканизация жобасы. Бұл жобаның ерекшелігі – әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар, оның ішінде көлік жүргізушілерінің автобөлшегін тегін жөндеу бойынша көмек көрсетіледі.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
03 қараша 2023 ж. 193 0