Сарапшылар Үкімет ұсынған шараларды жеткіліксіз санайды
Коллаж: Halyq Uni
Халықтың қазіргі жағдайын «несиеге батып қалды» деу дұрыс емес. Мұндай термин тұрмыс-тіршілігін толық қамтамасыз етіп барып, қаражаты несиесін өтеуге жетпей қалған адамға қатысты айтылады. Өткен аптаның жұма күні өткен Парламенттік тыңдаудағы Қаржы нарығын реттеу агенттігі мен депутаттардың ұсыныстарына қатысты сарапшылар осындай пікір білдірді. Олардың айтуынша, алдымен «несиеге батып қалу» дегенді дұрыс түсіріп алу керек. Екіншіден, Үкіметтің ұсынып отырған шаралары дұрыс, бірақ жеткіліксіз. Әсіресе, МҚҰ-лардың жұмысын тексеру керек.
Экономист Эльдар Шамсутдинов «Атамекен» бизнес-арнасына берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, бізде несиеге батып қалу дегенді басшылар дұрыс түсінбейді. Оны тек қарыз алушының ақшасын қайтара алмай қалу деп жүр. Негізі олай емес. Оның жалпыға ортақ нақты түсінігі бар.
Ол дегеніңіз қарыз алушының өмір сүру сапасын нашарлатпай қарызын қайтара алмай қалуы. Яғни, тамақтануын немесе жалпы тұрмысын нашарлатпай тұрып, қарызын қайтара алмайтын болып қалса, осының өзі-ақ асыра несиелену болып саналады, - дейді экономист.
Оның сөзінше, Қазақстанда жұрт несиесін қайтару үшін тұрмыс деңгейін нашарлатып жатқанын көрсететін бір де бір зерттеу жоқ.
Оның үстіне, МҚҰ-лардың жұмысын бақылау қажет екенін ерекше атап өтті. Себебі оларға банктердің есігі жабылған адамдар барады. Сондықтан, МҚҰ-лар да қарыз берерде тәуекелге барып отырғанын міндет қылады. Яғни, қаупі жоғары қарыз алушыға ақша беріп жатқандықтан, шарттары мен комиссияларын өз бетінше белгілейді. Сөйтіп олар шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерін айналып өте алады.
Енді банктер қайтеді? Олар 56%-бен қарыз бере алмайтындықтан, қауіп-қатерге қарамастан өзіне қарасты МҚҰ арқылы жоғары пайызбен несие береді. Оның да жолдары бар. Мәселен, банк бір МҚҰ-ға қаржы құя салады. Сөйтіп, ол ұйым 200%-дан да асырып қоя салуы мүмкін. Сондықтан Мәжіліс МҚҰ-ларды да қатаң бақылау керек екенін дұрыс айтып жатыр. Яғни, бұл жерде МҚҰ мен банктердің астыртын байланысына жол бермеу керек.
Экономист Меруерт Махмұтова Үкімет пен Парламент ұсынып отырған шараларды қолдағанымен, оны жеткіліксіз деп санайды. Мәжіліс депутаттары несиелеу талаптарын қатаңдатуға, несие берудің ауыр шарттарын қайта қарауға, 250%-ға дейін жететін онлайн несиенің пайызын төмендетуге шақырған еді.
Қазір 56% шегі тек банктердің онлайн несиесіне ғана қолданылады. Оны рәсімдеп алу оңай болғандықтан онлайн несие көлемі 197 млрд теңгеге жетіп отыр. Ондай қарызы барлар саны миллионнан асады. Оның ішінде 37 млрд теңгесі проблемалық онлайн несие, ол 297 мың адамның мойнында, - дейді сарапшы.
Тұтынушылық несиелердің шамадан тыс өсуін азайту үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамалық деңгейде тұтынушылық несиенің максималды мөлшеріне шектеу қою сияқты бірқатар шара ұсынып отыр. Мысалы, ірі көлемде тұтынушылық мақсаттағы қарыз беруді шектеу үшін тәуекелдерді өлшеудің жоғары коэффициенттері белгіленеді.
Меруерт Махмұтова осы шаралар, ең болмағанда, жеке тұлғалардың, әсіресе тұтынушылық несие қарыздарын одан сайын өсіп кетуден шектейді деп үміттенеді. Бірақ тек осы шаралармен шектеліп қалмау керек. Өйткені тұтынушылық несиенің өсуі азаматтардың төмен табысы мен бүкіл бағаның қауырт өсімін өтеп келеді. Әсіресе азық-түлік өсімі жұрттың қалтасына ауыр тиіп отыр.
Сондықтан үкімет азаматтардың табысын арттыру, ең төменгі жалақыны өсіру, ең төменгі зейнетақыны өсіру сынды жұмыстармен айналысу керек. Тіпті, экономикалық даму стратегиясын түбегейлі қайта қараса да болар еді, бірақ үкімет дайын емес сияқты, дейді сарапшы.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда тұтынушылық несие беру сегментінде өсім байқалады. Ұлттық банктің дерегінше, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық несиенің орташа жылдық өсуі 33%-ға жетті. Ал биылғы 8 айда оның портфелі 9,2 трлн теңгеден асқан. Ал 2022 жылдың шілдесінде 6,6 трлн теңгеге дейін барған еді. Бірінші несие бюросының директоры Руслан Омаров жыл басында оның көлемі 7,4 трлн теңгеге жеткенін мәлімдеді.