Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекте еленгендер құрметке бөленді

Еңбекте еленгендер құрметке бөленді


Кеше Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық-драма театрында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Аймақ басшысы алдымен жиынға қатысушыларды еліміздің ең басты мейрамымен құттықтады.


– Республика күні – бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын ең ұлық мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы қайта жаңғырған Республика күнінде: «Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат» деп атап өткен болатын.
Мемлекеттердің пайда болуы, егемендіктің мақсаты мен мәнін көрсететін саяси құжат қабылдаудан басталады. Осы құжат арқылы қазақ елі өзінің дүниетанымын, болашаққа деген көзқарасын әлем елдеріне мәлімдеді. Еліміздің халықаралық қатынастарының дербес субъектісі болуын, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеу құқығын жариялады. Халқымыздың мәдени және тарихи қазынасы, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеуеті өз меншігіміз екені баян етілді.

Декларацияда саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланып, республикамыздың өз бюджетін қалыптастыратыны айқындалды. Егемендік туралы декларация – азаттығымызға ұмтылған алғашқы батыл қадам.
Егемендіктің алғашқы күндерінен бастап күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалға мұңаймай, жұдырықтай жұмыла білдік. Бірлігіміздің негізінде ұлттық-мәдени, әкімшілік-аумақтық дамудың жаңа дербес құрылымы қалыптаса бастады. Барлық саяси күш-жігер қоғамды ұйымдастырып, келісімнің биік деңгейін көрсеткені – тарихта қалар үлкен сабақтың үлгісі. Бұл ұлы дала демократиясындағы саяси мәдениеттің көрінісі екені анық, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс әкімі жаңғырған ұлттық мерекеге орай өткен жылдан бері елімізде бірлігіміздің символы салтанатты түрде ту көтеру дәстүрі қалыптасқанын да атап өтті. Ту көтеру рәсімі ұлттық мерекенің маңызын арттыра түсті. Кеше Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұран орындалды. Елдік рух пен ұлттық бағытымызды бекемдей түсетін шара өңірімізде де өткізілді.

– Республика күні қарсаңында ұлттық мерекеміздің саяси мәнін айшықтайтын жұмыстар жасалуда. Байқоңыр қаласындағы үш көшеге ұлт рухын асқақтатқан ұлылардың есімі берілді. Бұдан былай Байқоңыр қаласындағы Авиационный көшесі даңқты әскери қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының, Гостиничный проезд көшесі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың, Внутриквартальный проезд көшесі қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Баршаңызды жағымды жаңалықпен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысқанын, Президентке аймақтың тыныс-тіршілігі мен алдағы міндеттері баяндалғанын айтты.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы өңір үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Көптің көкейінде жүрген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолаққа айналдыру және қаладағы ыстық су мәселесі алдағы екі-үш жыл ішінде шешілетінін айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл жобаларға қажетті қаржы бөлу туралы нақты тапсырма берді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 1 триллион 123 миллиард теңге қаражат жұмсалады. Мемлекет басшысының өңір халқына ыстық ықыласы мен бірлесіп атқарған жұмыстарға берген оң бағасын жеткізгім келеді, – деді облыс әкімі.

Ұлттық мерекеге Сыр өңірі жақсы жетістіктермен жетті. Үкіметтің ресми мәліметі бойынша облыс өткен сегіз айдың, тоғыз айдың қорытындысымен республикада өңірлер арасында алғашқы үшінші орынды иеленді. Мемлекет басшысының қолдауымен аймақ бюджеті 609 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда облыс тайқазаны 57 пайызға өсті. Бұл ауқымды қаражат өңірдің өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда. «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасы аясында демеушілер есебінен өңірді дамытуға 37 миллиард теңгеден астам қаржы тартылуда. Өңір үшін тарихи шара – Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Егемендік жылдарындағы инвесторлар қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба тұңғыш жылу-электр станциясының құрылысы аймақта бастау алды. Құны 215 миллиард теңге болатын бұл жоба 2025 жылдың тамыз айында іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі аймақ жетістіктері туралы айта келе, «адал азамат» ұғымына айрықша тоқталды. Тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолын, қадірін кемеңгер халқымыз бен аға ұрпақ біледі. Оны жас ұрпаққа жеткізсек, санасына сіңіре алсақ, бұл шын мәнінде, ұлттық болмыстың жаңғыруы болар еді.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Нағи Ілиясов ауылында еңбек адамдарымен кездесу сәтінде адал істі құндылыққа балаған еңбек адамдарына зор құрмет көрсетіліп, әрдайым қолдау білдіретінін жеткізген болатын. Президентімізге туған жерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып, халқымыздың әл-ауқатының артуына күш салып жүрген бірқатар еңбек адамын марапаттауға ұсыныс білдірдім. Әлемнің әміршісі – еңбек деген ұлы қағиданың ұрпақ үшін ұлағат екенін танытып, күні кеше елорда төрінде өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таң» шаруа қожалығының төрағасы Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлына ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның еңбек ері» атағын табыстады. Президентіміз марапаттау кезінде: «Басқа да салада, соның ішінде ауыл шаруашылығында өнімді еңбек етіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Осындай нағыз еңбек адамдарының бірі – Сыр елінің азаматы Имамзада Шағыртаев. Оның ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі болуда. Табысқа жеткен әрбір жан өз ауылына дәл осылай қамқор болса, нұр үстіне нұр болар еді. Аймақты дамытуға орасан зор үлес қосқаны үшін Имамзада Қуанышбайұлы бүгін Қазақстанның еңбек ері атағына ие болды» деп атап өтті.

Имамзада Қуанышбайұлы – аймақ дамуына ерекше үлес қосып, «Таң» және «Ақжар» ауылдарына 1 миллиард 150 миллион теңгеден астам демеушілік көрсеткен жомарт жүректі кәсіпкер, меценат, елжанды азамат. Бұл награда – бір азаматқа ғана емес, аймақтағы барша еңбек адамдарына, Сыр еліндегі жасампаз істерге берілген жоғары баға, – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты жиында Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев өзіне көрсетілген бұл құрметтің Мемлекет басшысының өңірге деген қамқорлығы, ыстық ықыласы екенін атап өтті. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың ізін жалғап, күріштен тау тұрғызған барша Сыр диқандарының ортақ ең жоғары марапаты екенін жеткізді. Сондай-ақ, елорда төрінде «Парасат» орденімен наградталған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов жерлестерін Республика күнімен құттықтады.

Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматқа мемлекеттік орден, медаль және Қазақстан Халқы Ассамблеясының марапаттарын табыстады.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, Республика күнін атап өту аясында өңірде маңызды, мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қызылорда қаласының Рәміздер алаңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті, облыс орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 900 орындық білім ошағының, жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды.

Биболат Сәтжан
26 қазан 2023 ж. 141 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930