Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент маңызды нысандардың жобаларымен танысты

Президент маңызды нысандардың жобаларымен танысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға алғаш рет атбасын тіреді. Ел Президентін облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт ата» әуежайынан қарсы алды. Сыр халқы оның бұл сапарынан бір сілкініс күткені мағлұм. Мемлекет басшысы бұл жолы атқарушы билік алдына біраз міндет жүктеді.

ЕҢБЕК АДАМДАРЫНЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН АУЫЛ
Президент сейсенбідегі сапарын Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. «Құм ішіндегі оазис» аталып кеткен ауылдың бүгінгі бейнесіне көз сүйсінеді. Ауыл жұрт болып жұмылып, тізе қосып тірлік етуді мақсат еткен. Содан болса керек, елді мекеннің тұрмысы жайлы, қазаны майлы. Ауыл деген аты болмаса, қаладан кем түспейді. Қызылорданың шөлейтті аймақ екені мұқым елге мәлім. Дегенмен, Нағи Ілиясов ауылына табаныңыз тисе, бұл ойдан дереу айнисыз. Себебі алақандай ғана ауыл жасыл желекке көмкерілген. «Абзал және К» толық серіктестігі ­ауылды гүлдендіруге және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағытында 797 млн теңге қаржысын құйған. Айталық, 384 млн теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн теңгеге ауылдық ғимарат жаңадан бой көтерді. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген. Кездесу барысында Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің негізін қалаушы ­Абзал Ералиев Мемлекет басшысына ­табысты кәсіпорынның бірі екенін жеткізді. Өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші мекемеге айналып, өнімді еңбектің арқасында туған өлкенің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын да тілге тиек етті.
Әрмен қарай Президент «Абзал және К» шаруашылығының демеушілігімен салынған ауылдың орталық алаңын, спорт кешенін аралады. Спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен емін-еркін шұғылдана алады. Мемлекет басшысы спорт кешенінде жеткіншектермен тілдесті.
– Спортпен шұғылдану керек. Әсіресе өздеріңіз сияқты жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі қажет. Себебі Қазақстанның болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Жастардың дені сау болса, мемлекет те қуатты болады. Сыр елінен мықты спортшылар шыққан. Әлі де көптеген чемпиондар шығады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Содан кейін Президент былтыр ғана бой көтерген «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен кездесіп, Қызылорда облысының дамуына айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ күрделі геосаяси ахуал кезеңінде Қазақстанның өркендеуі жолында елімізді бірлік танытып, еңбек етуге шақырды.
– Шын мәнінде, еңбек адамдары – халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Дала еңбеккерлері ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғаусыз алғыс айтты. Сонымен қатар Су ресурстары министрлігін құру жөніндегі жаңалықты Сыр бойының диқандары қуана қабылдағанын жеткізді. Тұрғындар ауылда жастарға жайлы жағдай жасалғанына, жас мамандардың ел ішінде қызу еңбек етіп жатқанына да кідіріс жасады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін ерекше атап өтті.
– Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысындағы маңызды нысандардың жобасымен танысты. Алдымен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндалды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін айтты. Жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға берілмек. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Сондай-ақ түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мемлекет басшысына «Қызылорда-Жезқазған» автожолын салу барысы туралы мәлімет берілді. Бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалды. Сонымен қатар Президентке «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын (566 км) І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді. Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады. Мемлекет басшысы қазіргі жол, шын мәнінде, өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар Президентке Қызылорда қаласының жаңа жылу-электр орталығының жобасы таныстырылды. Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240 МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге. Облыс әкімінің мәліметінше, қазір құрылысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін ЖЭО қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.
Қазіргі қолданыстағы жылу-электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ қаладағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді. Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту тұрғысынан бұл жобаның маңызды екенін атап өтіп, Үкімет пен облыс әкімдігіне жылу-электр орталығын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Бұған қоса, Президентке Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан ­Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай космодром қалашығындағы ахуал туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін Ресей тарапымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екеніне назар аударды.

ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫНДА – ҚАРЫШТЫ ҚАДАМ
Президент өңірдің құрылыс индустриясын дамытуда маңызды рөл атқаратын Темірбетон бұйымдары зауытының жұмысымен танысты.
«Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС биыл іске қосқан жобаның жалпы құны – 2,6 миллиард теңге. Оның 370 миллион теңгесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. Комбинат күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын өндіреді. Өндіріске қажетті шикізаттар жергілікті жерден алынады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына аймақтағы кәсіпорындардан шығатын басқа да өнім түрлері таныстырылды. Олардың басым бөлігі – құрылыс саласы үшін аса қажетті материалдар. Атап айтқанда, табақша шыны («OrdaGlass» ЖШС), ПВХ-құбырлары мен фитингтер («КНК Кемикал» ЖШС), каскалар («NPConsalting» ЖШС), плитка желімдері мен сәндік сылақтар («ВегаПром» ЖШС), жол және тротуар бордюрлерін, құм-керамзит блоктарын («Садуакасов Ж.А» ЖК), қиыршық тастың әртүрлі фракцияларын («Shalkiya Dolomite Operating» ЖШС), терезелер мен айналар («Комфорт KZ» ЖШС), әк («Орда строй маркет» ЖШС), кірпіш өнімдерін («Мелиоратор» ЖШС) және тағы да басқа бұйымдарды шығарады. Сондай-ақ көрмеге «Dalatex» компаниясының текстиль бұйымдары, «Өркен Әлем» ЖШС шығаратын жеке қорғаныс құралдары қойылған.
Президент кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «АЛТЫН ОРДА» ЗАУЫТЫНА БАРДЫ
Кәсіпорын директоры Сағидулла Сыздықовтың айтуынша, зауыт жылына 30 мың тонна ақталған күріш өндіреді. Өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа, сонымен қатар көршілес елдерге өткізіледі. Президентке Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдері таныстырылды. Көрмеге күріш өсірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың тауар түрлері, сондай-ақ ет, сүт, кондитер және балық өнімдері, көкөністер мен жемістер қойылған. Мемлекет басшысы Сыр бойы диқандары мен шаруаларының еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ тек күріш өсірумен шектелмей, агроөнеркәсіп саласын әртараптандыру, әсіресе, суды аз қажет ететін дақылдарды өсіру маңызды екеніне назар аударды.
Дегенмен Президент экспорттық әлеуеті жоғары дәстүрлі күріш шаруашылығын одан әрі жетілдіруге де баса мән беру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты украиналық мамандарымен бірлесіп, күріштің басқа да сорттарын жерсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев осы өндірістік кешен аумағында былтыр іске қосылған «Ассоль» тұз өндіру зауытын да аралап көрді. Аралдың тұзын кәдеге жаратып, ас тұзын шығаратын кәсіпорында 130 адам жұмыспен қамтылған. Өнім көршілес Ресеймен қатар, Латвия, Литва, Эстония, Беларусь мемлекеттеріне экспортталады.

«АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫН ДА КӨРДІ
Мемлекет басшысы Қызылорда қаласында жақында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығын аралап көрді. Аталған орталық биыл демеушілердің қолдауымен салынған. Жалпы құны – 1 миллиард 700 миллион теңге. Жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, әйелдер еңбегін дәріптеу. Сонымен қатар қыз-келіншектер мен аналарды өмірге, тұрмысқа бейімдеу жұмысымен де айналысады. Президент орталықта қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесін және «Қазақ елінің ұлы аналары» картинасын тамашалады. Содан кейін «Анаға тағзым» орталығындағы «Ұлт жақұты» музей залымен, «Мирас» әжелер клубымен, «Жас отау» мектебімен, «Шамшырақ» фото-видео студиясымен, психолог-медиатор кабинетімен танысты.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
Дереккөз: akorda.kz
14 қазан 2023 ж. 211 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031