Маңызды міндеттер жүктеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады.
Президент кездесу барысында өңірдің жаңа басшысына маңызды міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру, аймақ экономикасын дамыту мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік салаларындағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қатон-Қарағай, Марқакөл аудандарын қайта құру жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, шекаралас аумақтағы елді мекендерді жүйелі түрде дамыту қажет екенін айтты.
Президент облыс әкіміне коммуналдық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, жылуэлектр стансаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау жөнінде тапсырма берді.
Митрополит Александрды қабылдады
Президент Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады.Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстандағы Православ шіркеуінің мемлекет пен конфессия арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ рухани құндылықтар мен дінаралық диалогты ілгерілетуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Президент ортақ күш-жігердің нәтижесінде елімізде көптеген этнос өкілдері мен түрлі дінді ұстанатын халықтар өзара тату өмір сүріп жатқанына назар аударды.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Православ шіркеуінің діни қызметін қолдау мәселесінде конструктивті қарым-қатынасты сақтау маңызды екенін атап өтіп, әлеуметтік және ағартушылық бағдарламаларды дамыту қажет екенін айтты.
Өз кезегінде митрополит Александр Қазақстанның көркейту жолында бейбітшілік пен бірлікті нығайту ісін қолдайтынын жеткізді және Президентке алғаш рет қазақ тілінде жарық көрген дұға кітабын табыс етті.