«Келешек» жинақтау жүйесі баланың келешегі үшін керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына қыркүйек айының басында кезекті Жолдауын жасаған болатын. Ел тағдыры үшін маңызды мәселелерді сөз еткен Президент әлеуметтік-экономикалық салалардағы кемшіліктерді де, жағымды жаңалықтарды да мәлім етті. Жолдауды тыңдай отырып бір түйгеніміз – бұл жолы берілген тапсырмалар мен қолға алынған жобалардың көпшілігі өткен жылдары басталған жұмыстарды толықтырып, қуаттай түсетін сыңайлы.
Президент Жолдауда халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін ширатуға да басымдық берді. Соның бірі – 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі.
Оқырманға түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайық. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» деді.
Ал жылдағы дәстүрлі Тамыз кеңесі кезінде ұйымдастырылған жоғары білім мен ғылым форумында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Елдегі, әлемдегі бала туу көрсеткіші жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Бұл болашақта жоғары білімге сұранысты арттыратыны сөзсіз, ал грант бәріне бірдей жете бермейді. Грант санын жыл сайын арттыруды мемлекеттің бюджеті көтермейді. Сол себепті келесі жылдан бастап «Келешек» бірыңғай жинақтаушы жүйесі іске қосылады» деген болатын. Министрдің сөзіне сүйенсек, 1 айлық есептік көрсеткішті – қазіргі көрсеткішпен 3 450 теңгені ай сайын ата-аналар осы жинақтаушы жүйеге салып тұрса, оған мемлекеттік сыйақылар беріліп, бала 17-18 жасқа жеткенде 7,5 млн теңге жинақтауға болады екен.
Президент Ұлттық қордан әр балаға шот ашып, кәмелеттік жасқа дейін қаржы құйып отыруды тапсырған. Сөйтіп, осы екі қайнардан жиналған ақша баланың жоғары білім алуына жеткілікті болады. Бұл – үлкен реформа. Осыны келесі жылдан біртіндеп бастаймыз. Мұндай жүйе ата-аналарға мемлекеттен кепілдендірілген сенімді шот ашуға, қоғамда баланың болашағына инвестиция құю мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді министр.
Расында, Мемлекет басшысы бұл жолы балалардың сапалы білім алуына көп басымдық берді. Оған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын да қосуға болады. Одан бөлек, Мемлекет басшысы өз Жолдауында жасөспірімдерге жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырды. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, жалпы балаларға қатысты барлық нәрсе қауіпсіз болуы тиіс екенін айтып, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы өте маңызды мәселе болатынын жеткізді.
Оған «Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қосыңыз.
Демек, алдағы уақытта да елімізде білім сапасын арттыру, балаларды қауіп-қатерден қорғау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді деген сөз. Ал бұл кез келген ата-ана мен осы салаларда қызмет ететін жұмысшылар үшін зор қолдау болмақ.
Г.ДҮЙСЕБАЙ