Қызылордада Неке сарайы ашылды
Бұрын отбасылық өмірдегі алғашқы құжатын мейрамханалар мен табиғат аясында рәсімдеген жұбайлар енді бұл маңызды іс-шараны сәні мен салтанаты жарасқан Неке сарайында өткізеді. Аймақтың 85 жылдық мерейтойы мен Қала күні аясында есігін айқара ашқан жаңа ғимарат жас жұбайлардың маңызды қадам жасайтын орны болмақ.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мереке күндері қаламызға сән берген әсем ғимараттар, көз тартар көркем аллеялар тарту етілгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген» деген болатын. Бұл орталықты іске қосудың әлеуметтік маңызы өте зор. Жыл сайын Сыр өңірінде мерейлі отбасылар саны артып келеді. Биыл «Отбасы күні» қарсаңында Астана төрінде 10-шы рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалылық майдангер, қазыналы қарт Қабақ Смағұловтың әулеті лауреат атанды. Бұл Сыр жерінде отбасы құндылықтарын берік ұстаған өнегелі әулеттер біздің мақтанышымыз. Неке сарайы ғимаратын аша отырып, бұл дәстүрді одан әрі дәріптейтін боламыз. Орталықта қалыптасқан қағидаға сәйкес «қазақы қарашаңырақ» идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалатын болады», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы Неке сарайы ғимаратын сапалы салып, мерзімінде тапсырған «Авангард» ЖШС басшысы Расул Искаковқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, компания қызметкерлеріне алғыс табыстады.
Мұнан бөлек, Сұлтан Бейбарыс көшесі бойындағы аллеяны салған «Техоснастка» мекемесі мен облыс көлемінде ауқымды жол құрлыстарымен айналысып келе жатқан «УАД» компаниясының басшылары мен қызметкерлері де марапат төрінен көрінді.
Отбасылық өмірге жаңа қадам басқан жас жұбайлар лебізін білдіріп, еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов жерлестерін құттықтады. Ал «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты, ғасыр жасаған абыз ақсақал Қабақ Смағұлов ақ батасын берді.
Айта кетейік, жаңа нысанда неке қию рәсімделіп ғана қоймай, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруіне жәрдемдеседі. Мұнда Жастар денсаулығы, «Анаға тағзым» орталықтары, «Отбасы» банкі, «Бақытты отбасы» жұмыспен қамту орталығы келушілерге қызмет көрсетеді.
Бүгінде облыста 141 мыңнан аса отбасы болса, оның 48 мыңнан астамы – көпбалалы аналар, 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген: Н.Нұржаубай