Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ БЕРГЕН, НӘР БЕРГЕН

БІЛІМ БЕРГЕН, НӘР БЕРГЕН

Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. 1928 жылы аудан алғаш құрылғанда Шиелі жерінде ірілі-ұсақты 59 ауыл болған екен. Бұл ауылдардың да тарихы ел тарихымен астасып жатыр.
Солардың бірі – «Қызылдиқан» (кейін «Телікөл», қазір Әбділда Тәжібаев атында) ауылы. Кеңес өкіметі орнап, 1928 жылдан шаруаларды ұжымдастыруға кіріскен кезде, осыған дейін ара-тұра тіршілік кешіп келген олар, әуелі ағайын жақындықтары бойынша оншақты отбасы бірігіп, шағын ұжым – мойын серіктер, артельдер құрған. Кейін бұл ұжымдар ірі колхоздарға («коллективное хозяйство» деген сөздердің қысқартылып алынып, атау сөз ретінде қалыптасқан түрі) айналдырылған. Халықты сауаттандыру жұмысы қатар жүргізілген. Балалар үшін мектептер, үлкендер үшін сауатсыздық жою курстары ашылған.
Әйгілі қаламгерлер Қалмақан Әбдіқадыров пен Әбділда Тәжібаевтың туған ауылы – әуелде «Қызылдиқан», қазір Әбілда Тәжібаев атындағы ауылдың құрылу тарихын баяндайтын естелікті 1970 жылы кеңестік Қазақстанның 50 жылдығы мерекеленіп жатқан кезде ұжымдастыру ардагері Аймахан Аймырзаұлының айтқаны бойынша жазып алып, сол кезде аудандық «Өскен өңір» газетіне ықшамдап жариялаған едім. Оны кейін 2012 жылы шыққан «Жылдар ізі» деген кітабыма енгізгенмін. Кішкентай ауыл тарихы, ауданның, еліміздің үлкен тарихына қосылған жылға іспетті. Өйткені, ел бастан кешкен тағдыр ортақ еді. Бұл естеліктің кейінгі ұрпақтың зердесі үшін құны зор.
– 1927 жылдың мамыры әлі есімде,– деп бастаған еді әңгімесін Аймахан ақсақал. –Кеңес өкіметі кедейлерге теңдік әперді деген дүмпумен Қадырбек деген байдың малын бақпай қашып кеттім де, Сырдың сол жақ бетіндегі «Әлтай тамы» аталатын жердегі ауылға келдім. Туыстық-рулық жақындығы бойынша қыстауларға отырықшыланып,топтана орналасқан адамдардың баспанасы ішкі төбесінің биіктігі кісі бойынан асатын етіп жерді қазып жайласқан кепелер еді. Терезесі үйдің үстінде болады, әйнек орнына малдың жұқа қарын терісі керіледі. Үйге күндіз болмашы бозғылт сәуле түсіп тұрады.
Содан алты үй бірігіп, мойынсерік болуға ұйғардық. Біз Жөлек болысынан екі пұт тарыны қарызға алдық, екі гектар жерді кетпендеп өңдеп, егісектік. Жергілікті билік атауы ауылдық кеңес деп өзгергенге дейін ол әуелде бұрынғыша болыстық деп аталатын. Сол бастамашы алты адам Мақан Әлекеұлы, Сүлеймен Бекболатұлы, Жақап Елшаманұлы, Жақан Исламұлы,Әшірбек Сәтбайұлы және мен едім. Ұжымдасқан еңбектің пайдасын көрдік. Еккен 2 пұт тарымыздан күзде 150 пұт өнім алдық. Оның 100 пұтын өкіметке өткіздік, қарызымызды жаптық, 50 пұтын алтауы­мыз бөліп алдық.
Келесі 1928 жылы бізге 44 адам қосылды. Ішімізден Жақып Елшаманұлын бастық сайладық. Сол жылы байлардың мал-мүлкін тартып алып, ортаға салу үшін оларға «қара тізім» жасалды. Кейін атақты ақын, жазушы болатын Қалмақан Әбдіқадырұлы екеуміз төңіректегі ірі байлардың малын санауға тапсырма алдық. 1929 жылы Жорабек Есенұлы (атақты ғалым Шахмарданның әкесі), Қалмақан Әбдіқадырұлы, Ишанбек (тегі жадымда қалмапты) және мен ірі екі байдың мал-мүлкін тәркіледік, олар Қазақстанның батысына жер аударылды. Әлімбет байдың 80 жылқысын, 2000 қойын, 130 түйесін, Мәсәуір байдың 1500 қойын, 100 түйесін, 2 үйір жылқысын Жуантөбе ауылдық кеңесіне өткіздік. №5 ауыл кеңесі деп аталатын жергілікті басқарушы билік Жуантөбе ауылдық кеңесі аталған болатын. «Қызылдиқан» колхозы (кейін «Телікөл» совхозы, «советское хозяйство» деген сөздердің қысқартылып алынып, атаусөзге айналған түрі) қаракөл қойының негізі сол Мәсәуірдің қойы. Ал Әлімбеттің қойын етке өткізіп жібердік. Оныкі қазақы қой еді.
1930 жыл ерекше леппен басталды. Наурыз мейрамының алды 16 наурыз есімнен шықпайды. Сол күні «Жақап тамы» деген жерге сол маңға қыстауларға қоныстанған халықты жинап, жиналыс жасалды, колхоз құратын болдық. Колхозға 180 адам мүше болып енді. Өкімет бізге 1мың пұт бидай, 8 соқа,елдің ортаға салынған малынан 92 өгіз, 2 атберді. Осы жерде ұжымның атын қойдық. Біреулер колхоздың атын осы жерлердің байырғы атауларымен «Бақтыата», енді біреулері «Қосбелгі» қоялық десті.
Осы кезде ұйымдасуға басшылық жасап, ұйытқы болып жүрген Жақап Елшаманұлы қасымызда желбіреп тұрған қызыл туға қарап:
– Уа, халайық! Колхозымыздың аты жаңа өмірге сай болсын. Оған «қызыл» деген сөзді қосайық, – деді.
Мен оны қостап:
– Біздің негізгі кәсібіміз – диқаншылық. Сондықтан колхоздың аты «Қызылдиқан» болсын, – дедім.
Көпшілік ду қоштай жөнелді. Бұл ұсынысымыз күш біріктірудың арқасында қырманы қызылға толғанын қалаған, тоқшылық, молшылықты аңсаған шаруалардың ойынан шықты. «Қызыл» сөзі жаңа өкіметті де, жаңаша тұрмысты да, астықты да білдіретін мағынасы кең сөз еді.
Ертеңіне мен ауылдық кеңес атқару комитетінің төрағасы, Жүзбай Досанов деген жігіт большевиктік (коммунистік) партия бастауыш ұясының хатшысы болып сайландық. Әшірбек Сәтбаев екеуміз партияға өттік.Осы жылы Зәртай Досанов деген бала жастар ұйымы – комсомол («коммунистический союз молодежи» деген сөздердің қысқартылып алынып, атаусөзге айналған түрі) ұясын құрды. 1933 жылы комсомол ұясының хатшысы қазіргі «Коммунизм» колхозының төрағасы Рахмет Нұрекеев болды.
1934 жылдың көкек айында «Қызылдиқан» колхозына үш трактор берілді. Оларды жүргізген алғашқы тракторшылар Пірімбет Бәйімбетұлы, Сейділда Еспанұлы, Құрманәлі Нұржанұлы еді.
1940 жылы дарияның сол жақ бетінен қазір отырған жеріміз «Жүндіқұмға» қоныс аудардық. Осылай дарияның арғы бетінде «Андақұл тамы», «Әлтай тамы», «Бақтыата», «Бөрімбет тамы», «Жақап тамы» деген жерлерге әлденеше қыстауға шашырай жайласқан «Қызылдиқан» колхозы жаңа орында ұйлығыса орналасып, «Қызылдиқан» атауы колхоздың ғана емес, енді біртұтас ауылдың да атына айналды. Жаңа келген кезімізде бұл төңірек қалың жиде, жыңғыл, сексеуіл, шеңгел тоғай болатын. Қонысымыздың«Ақтоған»және «Алғабас» ауылдары жақ беттерінде ауқымды әрі биік екі қызыл құм бар еді. Жайылған малдардың жүні бұталарға молынан ілініп, жалбырап тұратындықтан «Жүндіқұм» аталыпты. Сол тоғай аршылып егістік алқаптар жасалды, арналар қазылды.
Ауданның барлық ауылы Сырдың сол жақ бетінен осы күнгі мекендеріне тегіс жерлерге көшірілді. Аудан шаруашылығы мал өсірумен қатар, егіншілікке бет бұрғандықтан,суармалы егіс көлемі артып, Сырдың сол жақ биік бетіне мол су шығару қиын болды, келешекте су жетіспейтіні байқалды. Содан жаңа тегіс жерге келе бүкіл аудан халқы және басқа аудандар көмектесіп, кетпенмен Шиелі арнасы қазылды, егістікті суландыру шешілді.
1950 жылыелде ұсақ колхоздарды ірілендіру жүргізілді. «Қызылдиқан» көрші «Алғабас» және Ленин атындағы колхоздармен біріктіріліп, іріленген Ленин атындағы колхозға айналды, «Алғабас» ауылы орталық болды,– деп тоқтады ардагер, құрметті колхозшы Аймахан Аймырзаұлы. Қария өткен өмір белестерін, білек қосып бірге жаңа өмір орнатқан замандастарын сағынышпен еске алып отырды.
Бұл күндері Әбділда Тәжібаев ауылындағы №214 орта мектептің құрылуының 90 жылдығы атап өтілуде. Мектеп жинастырған деректерге қарағанда әуелде №214 бастауыш мектеп «Қызылдиқан» колхозында 1933 жылы қыркүйек айында ашылыпты. Алғашында тек үлкендердің сауат ашу мектебі болған. Мектепке 1933 – 1943 жылдар аралығында Кенжебай Тілеубаев, Хадиша Ыбырашева, Мырзабек Әшірбеков басшылық жасаған. Алғашқы ұстаздардың бірі – Баймағанбет Рыспанбетов.
Шиелі ауданы құрылуының 95 жылдығымен қатар келген бұл мерейтой осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ауылымызды алғаш құрушылардың бірі болған Аймахан Аймырзаұлының жоғарыда баяндалған естелігін есіме түсірді. Ол кісі ауыл мектебі 1930 жылы күзде «Қызылдиқан» колхозының «Бөрімбет тамы» деген жерінде ашылды, онда сол төңіректегі қыстаулардан жиналған 30-40 бала оқыды. Алғашқы мұғалім Әбдіуәли Байжанов деген жігіт еді деп мектептің қай жылы, қай жерде ашылғанын және алғашқы мұғалім кім екенін нақты айтқан-ды. Ауызекі айтылған деректе жаңылыс болуы мүмкін десек те, мектептің құрылу тарихын мұрағат деректерімен әлі де зерттей түскен жөн болмақ.
Ауыл бар жерде мектеп бар, олардың тарихы ажырағысыз егіз. Осы ауылды құрған ардагерлердің ұрпақтары ауылда, мектепте еңбек етеді, оқып жүр. Мектеп түлектерінің жетістіктері мектептің ғана емес, ауылдың да мақтанышы. Мектептің құрылу тарихын «Қызылдиқан»ауылының тарихынан ажыратпай, өзара байланыста қарайтын болсақ, келешекте ауыл мен мектептің құрылуының 100 жылдығы қатар бірге атап өтілер еді.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде жарамды ер азаматтар жаппай майданға аттанғандықтан, мектептерде оқушыларға сабақ берер мұғалім жетіспейді. Мектептерді орталықтандыру қажеттігі туды. Осылай 1943-1944 оқу жылында «Қызылдиқан» мектебі жетіжылдық мектепке айналады. Мектеп меңгерушілігіне Мырзатай Байназаров тағайындалады. «Қызылдиқан» ауылының ерекшелігі – ол төңірегіндегі бірнеше елді мекеннің ортасында орналасқан еді. Мектепке «Алғабас», Ленин (қазір «Бестам»), «Ақтоған» (қазір Досбол датқа), «Алмалы», 21-бекеттен жоғары сынып оқушылары жаяу қатынап оқыды. Келесі 1944-1945 оқу жылында жетіжылдықтан орта мектепке айналғанбілім ордасына көрнекті кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері, азамат соғысының батыры, әскер қолбасшысы, маршал жолдас Климент Ефремович Ворошиловтың есімі беріледі.
Сол кезде КСРО-ны дара билеп тұрған Коммунистік партия мен Кеңес өкіметінің В.И.Ленин мен И.В.Сталин бастаған басшы қайраткерлерінің, революционерлердің, қолбасшылардың, батырлардың, әдебиет, мәдениет, ғылым, басқа да салалардың көрнекті тұлғаларының, тіпті коммунистік идеологияға сай келетін әйгілі шетелдіктердің есімі қалаларға, облыстарға, аудандарға, ауылдарға, өндіріс, шарушылық, ғылым, білім орындарына, қоғамдық ұйымдарға, көшелерге берілетін еді. Сол жерге, салаға қатысы бола қоймаса да әлдекімнің есімі берілмеген нысан қалмаған-ды. Соның сарқыншағы елімізде әлі кездеседі. Мектепте маршал К.Е.Воршиловтың Мәскеуде Қызыл алаңда ақбоз атқа мінген үлкен суреті ілулі тұратын. №214 К.Е.Ворошилов атындағы орта мектептің алғашқы директоры Әбдірашит Әбдіхалықов болды.
Ауданымыздың құрметті ұстазы, Қазақ КСР және КСРО халық ағарту ісінің озаты Досмахан Сұлтанов ақсақалдың айтуынша 1944 жылы №214 мектепке жоғары білімді тарихшы, бұрын Талдықорған драма театрының директоры қызметін атқарған, жараланғандықтан соғыстан қайтарылған Ғиззат Ғатауов деген кісі мұғалім болып келеді. Өнерпаз ұстаз мектептің жоғары сынып оқушыларын ұйымдастырып, драма үйірмесін ашуы ауыл түгілі ауданда үлкен жаңалық еді. Ол оқушылардың зор қызығушылығын туғызады.
Мектептегі өнерлі жастар Арзулла,Дәмегүл, Жиенбек, Зәһира, Ибрагим, Кәжденбек, Сансызбай, Ұлымхан, т.б. оқушылар үйірмеге белсене қатысып, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» пъесаларын сахналады. Ғиззаттың өзі де басты рольдерде ойнады. Мектеп білім мен өнер ордасына айналды. Ғизаттың біліміне, өнеріне сүйсінген ел «мұғалім осындай өнегелі болуы керек» десті.
«Қыз Жібек» пъесасын қойған үлкен концерт аудан орталығында өтеді. Сонан соң ауданныңбарлық ауылын аралап концерт беріледі. Сол кезде облыстық газетШиелі ауданындағы К. Е. Ворошилов атындағы №214 орта мектеп ұжымы соғыстың ауыр тауқыметін бастан кешіп жатқан халықтың рухын көтеруде Нартай ақынның үгіт бригадасынан кем жұмыс атқарып жүрген жоқ деп жазған еді деп еске алған ардагер ұстаз Дос­махан Сұлтанов.
Кейін өмірдің барысында Арзулла Молжігітов облысқа әгілі айтыскер ақын атанды, Жиенбек Молдабеков аудан мәдениет бөлімін басқарды, Кәжденбек Сақбаев Ленин атындағы колхоз «Қызылдиқан» бөлімшесінің бригадирі, Сансызбай Әбдіқадыров осы №214 мектепте көп жыл ұстаз болып еңбек етті.
Оқу жүйесінің өзгеруіне байланысты №214 орта мектеп 1945 – 1946 оқу жылынан бастап сегіз жылдық мектепке айналды. Соғыстың зардабынан оқушы балалар санының күрт кеміп кетуі, ұсақ колхоздар біріктіріліп, ірілендірілуі, соған сай ауылдардың аумақтық кеңестерге қарастылығы мектептер құрылымына да әсер етті. 1959 – 1960 оқу жылында сегіз жылдық мектеп «Алғабас», «Қызылдиқан», Ленин колхоздары біріктірілген Ленин атындағы колхоздың орталығы «Алғабас» ауылында ашылды даосы оқу жылында №214 мектеп бастауыш оқу орны деңгейіне түсті. Бірақ «Қызылдиқан» балалары «Алғабастан» гөрі екі есе жақын көрші «Ақтоған» ауылына қатынап оқыды. Кейін 1963 – 1964 оқу жылынан 5-сыныптан бас­тап қызыл диқандықтардың қатынап оқуы колхоз орталығы «Алғабасқа» ауыстырылды.
Бейбіт өскелең өмірдің арқасында бала санының көбеюі нәтижесінде 1969 – 1970 оқу жылында №214 бастауыш мектеп қайтадан сегізжылдыққа айналды. 1945 – 1959 және 1969 – 1974 жылдары сегіз жылдық мектепке
Қ.Шәкіров, Ш.Пірмағанбетов, О.Әбішов, Е.Ділманов, А.Әйтпенбетов, Д.Сұлтанов, Д.Ермаханов, Д.Құлтаев, Ә.Молдахметов сынды ардагер ұстаздар басшылық етті.
Осы кісілердің ішінде ұзақ жылғы ұстаздық жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған, Қазақ КСР және КСРО халық ағарту ісінің озаты, Шиелі ауданының «Құрметті ұстазы» атанған Дос­махан Сұлтановтың ұстаздық еңбек жолы туралы 2019 жылы тамызда «Көрінбейтін Жұлдыз жарығы» деген аяулы Ағаны еске алу мақаласын жаздым, ол газетке жарияланды және естеліктер жинағына енді.
1975 – 1976 оқу жылынан оқу орнының орта мектепке айналауы оның тарихының жаңа кезеңін ашты. 1974 жылдан қазірге дейін Әбутахир Маханбетұлы,Ұлтай Нұрмағанбетова, Тұрғанай Ысқақ, Шерәлі Үркімбаев, Қайрат Мұсаев, Асқар Есім, Үсенхан Ахметов, Гүлмира Ермаханова мектеп директоры болды. Қазір мектеп басшысы Бақытжамал Қалдыбек. Бұл басшылардың ішінде Ұлтай Нұрмағанбетова мен Асқар Есім осы мектептің түлектері.
Кеңес заманында бұл мектептің түлектері ғалымдар: Орманбек Сақбаев – медицина, Әбдіқадыр Ахетов – химия, Құдайберген Мәмбетов филология ғылымдарының кандидаттары ғылыми дәрежесін қорғады. Ғылыми атақ беру жүйесі өзгерген қазіргі заманда ғылым жолына түскен Әйгерім Әлиакбаровалингвистикадан PhDфилософия докторы атанды,Алматыда Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық униерситетінде еңбек етеді,Толғанай Секерова биологияданPhD философия докторы, Алматыда Абай атындағы педагогика университетінде істейді, Эльмира Уайдуллақызы педагогикадан PhD философия докторы, ол да Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде еңбек етеді.
Ауданға әйгілі қайраткерлер Мәлік Дәуімбаевты, Сүйіндік Ахметовты, Жолдас Сырғабаевты ауылдастары мақтан етеді. Осы ауылдың перзенттері Шерәлі Әшіров, Мұрат Аманов облыс орталығында басшы шаруашылық қызметтерде болды. Мектеп түлегі кәсіпкер Талғат Жұматов өз қаражатына мектептің алдына бұрқақ орнатып, спорт алаңын жаңалады, басқа да зәру істерге демеушілік көрсетіп жүр, олШиелі ауданының құрметті азаматы. Рамазан Ақтаев Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Ақтау қаласындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының әртісі. Бағлан Сұлтан Қызылорда көпбейінді медицина орталығында жан сақтау бөлімінің меңгерушісі, Азамат Мақұлбеков пен Нұржан Сарыбаев Шиелі аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігерлері. Мектептің тағы бір түлектері Сайлау Әшіров, Сәбит Нұртайосы ауылдың әкімі болып қызмет етті. Басқа да түлектер мемлекеттік қызметте, өндірісте, бизнес­те, қоғамдық өмірдің түрлі саласында абыройлы еңбек етіп, мектеп, ауыл атын шығарып жүр.
Мектеп тарихын баяндағанда онда әр жылдары еңбек еткен ұстаздардың бәрінқамту бір мақалаға сия қоймайды. Дегенмен бірсыпырасының атын атап, кейбірінің еңбектеріне тоқтала кетпесек, әңгімеміз толық болмас еді. Бүкіл өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнап, бейнеті мол ұстаздық еңбекке қажыр-қайратын жұмсаған бұл ардагерлер Әден Оңалов, Сансызбай Әбдіқадыров, НығметОразымбет, Құрманәлі Оразымбетұлы, Райхан Мәуенова, Шері Кәрібайұлы, Ұлтай Кәрімбергенова, Күлжамила Кәрібайқызы, Абай Әбусәдір, Сәуле Төлегенова,Уәйдулла Орынбаев, Халықберген Тұрсынбетов, Райаш Құрашева, Айсара Әбілдаева, Рыскүл Әбдіхалықова, Мәдина Молдабекова, Әнуар Тәжімбетов, Гүлзада Жұмабекова, Абат Сыздықов, Сәрсен Әбдікәрімова, Гүлжамал Дүйсен, Ләззат Оразымбет, Рсалды Қалыш, Перуза Әшірбекова, Гауhар Бегманова, Дана Жолдас, Гүлжан Рысман.
Осы ұстаздардың ішінде 1959 жылы мектеп табалдырығын аттаған маған алғаш қалам ұстатып, «Әліппе» жаттатқызған тұңғыш ұстазым, аяулы ағайым Сансызбай Әбдіқадырұлының орны тым бөлек. Ұстаздық жолын 1949 жылы бастаған екен. 1956 жылы Ақтөбе педагогика училищесін бітіріп, бастауыш мектеп оқытушысы мамандығын алған.
1959 – 1960 оқу жылынан ауылдағы мектеп бастауыш мектеп болып қалды. Мектепте екі мұғалім ғана сабақ береді. Олар Сансызбай Әбдіқадырұлы мен НығметОразымбетұлы, басшы Сансызбай Ағай екен. Сансызбай Ағай 1 және 3-сыныптарға, Нығмет Ағай 2 және 4-сыныптарға сабақ береді.
Мұғалімдеріміз тәртіпке қатты. Мектеп ішінде түгілі көшеді ойнап жүргенде сонадайдан ағай көрінсе-ақ балалар үйді-үйге кіріп, жым болатынбыз. Сол кездегі педагогика ғылымы бойынша асық, қазық, ләңгі, басқа да ойындар балаларға зиян деп саналды. Сондай ойынның үстінде ағайлардың қолына түсіп қалсаң, сабаққа ықылассыз болсаң жаза аласың. Бірақ ол жаза туралы ата-анаға айтылмайды, айтқан баланың өзіне ата-анасы ұрсады, мұғалімдікі қашанда дұрыс. Өйткені оқыған адамдар ауылда жоқтың қасы әрі білім үйреткен ұстазды сыйлау халқымыздың бойына сіңген қасиет, сондықтан мұғалім беделі ел арасында өте жоғары еді.
Бұрын жеті жылдық, сегіз жылдық, орта мектеп болған оқу ғимараты ауылдағы еңселі ұзынша тәп-тәуір ақшаңқан жалғыз үй болатын. 2016 жылы салынған екі қабатты қазіргі сәнді де салтанатты мектеп үйі 1950 жылдардан бергі төртінші ғимарат. Ол кезде тәуір құрылыс – мектеп үйі ауылдың мәдениет орталығы да еді. Колхоздың жиналысы, сайлау сияқты маңызды шаралар, сирек те болса келіп тұратын кино, концерт сонда өтетін. Сол мектептің үлкен екі бөлмесінде сабақ жүреді. Әр бөлмеге төрт қатар, әр қатарда бес партадан қойылған. Бір бөлмедегі екі қатарға 1-сыныптың және екі қатарға 3-сыныптың балалары отырғызылады. Тақтаның бір бетіне 1-сынып дәптерінің жазу жолдарын Сансызбай Ағай ойып сызып қойған. Соған жазып үйретеді. 3-сыныптың сабағы болған кезде тақта беті ауыстырылады. 45 минут сабақтың 20 – 25 минуты 1-сыныпқа, қалған уақыт 3-сыныпқа арналады. Екінші бөлмедегі 2 және 4-сыныптың жағдайы да осылай. Ол кезде сынып класс деп аталатын.
Әлі есімде Сансызбай мен Нығмет ағай 1962 жылдың жаңа жылын қарсы алу мерекесін ерекше ұйымдастырды. Шыршасыз жаңа жылдық мейрам болушы ма еді. Ал Сыр бойында шырша өспейді және саудада да жоқ болса керек. Екі ағай ауыл маңынан үлкен жидені кесіп алып келіп, мектептің ұзын дәлізінің түкпіріне таман орналастырды. Шиеліден сатып әкелінген және қолдан жасалған ойыншықтар ілінді. Балалардың концерті, керілген жіпке жағалай ілінген ұтыстарды үш-төрт қадамдай жерден көзін байлап алға жіберілген балалар қайшымен қиып алуы, мүлт кетіп қия алмай өкінуі, басқа да қызықты ойындар ұйымдастырылды. Бұрын-соңды шыршамен жаңа жылды қарсы алу мерекесін көре қоймаған көпшілік үшін бұл естен кетпестей мейрам болып еді. Екі ағаймыз осылай өз істерін сүйіп, ықыласпен еңбек етті.
1963 жылы ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң 5-сыныптан бастап колхоз орталығы «Алғабасқа» алты жыл қатынап оқып, оқуды жалғастырдық. Әуелде екі жылдай күз-қыс-көктем жаяулап-жалпылап барып жүргенде ауылдан біржарым шақырымдай жердегі құмда (бұл құм қазір жоқ) ойын ойнап қалып қойғандар түбі солай ауылда қалды да, ал ойынға берілмей сабақтан қалмағандар мектеп бітірген соң қалаларда жоғары білім алып, басқаша өмір жолын таңдадық.
1965 жылдың күзінде бірдежұма күні ­Сансызбай­ ағай мен Нығмет ағайдың өжет шәкірттері – «Қызылдиқан» балалары бәріміз бірауыздан келісіп, жеті шақырымдық «Алғабасқа» емес, іргедегі үш шақырым «Ақтоған» ауылының мектебіне оқимыз деп шешіп, таңертең уақтылы сонда бардық. Тосын тірлігімізге қайран қалған ақтоғандық ұстаздар бетімізден қақпады, мектепке кіргізді, тиісті сыныптарға қосты, бір күн оқыдық. Бірақ ертеңіне сенбі күні екі жаққа да бармадық, осылай өзімізше қарсылық білдіргеніміз бар. Бұл тірлігімізден ата-аналарымыз бейхабар еді. Жексенбі күні ауылға келіп үйлерді жағалаған алғабастық оқытушылардан мұны естігенде, бір қызығы, ата-аналарымыз бізді қолдап шыға келсін. Бәрі кеңес өкіметінің мектебі, неге жақын жерде оқымайды балалар дегені бар. Дүйсенбіде кінәлі күйде «Алғабасқа» қайта бардық, сынып жетекшілерімз ризалықпен арқамыздан қаға қоймады әрине.
Бұл көтерілісіміз нәтижесіз қалған жоқ, әңгіме ауданға жетіпті, содан барлық колхоз, совхоз қатынап оқитын оқушыларға таңертең апарып, түсте алып қайтатын арнайы көлік бөліп еді.Кейін автобус қатынайтын болғанда оның ақысын автобазаға колхоз төледі. 1969 – 1970 оқу жылынан бастап қайтадан №214 мектеп сегіз жылдық мектеп мәртебесін алған соң ауыл балалары басқа ауылға қатынап оқу машақатынан құтылып еді.
1987 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін мұғалім болып еңбек еткен Сансызбай Аға тек кәсібін білумен шектелмеді, қоғамдық өмірге бейжай қарай алмайтын, ойы озық жан еді. Күрішшілер жетіспей жатқан сонау 1960 жылдардың басында Нығмет Ағай екеуі бір маусым көктемнен күзге дейін колхоздың күрішін екті, жақсы өнім алды. 1976 ауылымыз «Телікөл» мал шаруашылығы совхозына айналғанда өз ауылымыздан шыққан арнайы білімді мамандар тапшылығы білінді. Шаруаның көзін, жер-су ыңғайын, өрісін жақсы білетін Сәкең аудандық білім бөлімі басшысымен келісіп, мұғалімдікті қоя тұрып, жаңа құрылған шаруашылықты көтеруге көмектесу ниетімен бір жыл өндіріс бригадирі болып кетті, сырттан жаңадан келген мамандарға жол, жөн көрсетті.
Құрметті зейнеткерлікке шыққан Сәкеңді үлкендер Ауыл ақсақалдар алқасының төрағалығына сайлады. Сөзге шешен, іске көсем, келешекті пайымдап жүретін Сәкең аудан, облыс басшылары алдында ауылдың мұң-мұқтажын жүйеліп айта алатын өткір де еді. Мұндай ширақ кісі аудандық, облыстық ардагерлер ұйымының өз шараларына ұдайы қатыстыратын белсенді де қадірлі мүшесіне айналды. Сәкеңнің басшылығымен ауданға белгілі кәсіпкер Мұқамедқали Нұрсейітов інісінің қолдауымен ауылға мешіт салынды. Ауылдың киесі Доспан Шайық әулие кесенесі қайта тұрғызылып, үлкен ас берілді.Сәкеңнің диқаншылығы, саятшылығы, шежіре әңгімешілдігі, ұлттық құндыдылық – әдеп-ғұрыпты ұстану тәрбиесі өз алдына бөлек әңгімеге тұрады.Ауылдың тілекшісі ғана емес, тірегіне айналған Сансызбай Ағайдан өнегелі іс те, өсіп-өнген ұрпақ – із де қалды.
Екінші аяулы ұстазым Нығмет Оразымбетұлы 2 және 4-сыныпта сабақ берді. Ол мектепте 1972 жылға дейін ұстаздық етті. Одан кейін ауылда колхозда, совхозда есепші, бригадир қызметтерін абыроймен атқарды. Сәкең мен Нәкең ағайлардың ұстаздық қызметі, бастауышта өшпестей етіп санамызға сіңірген сабағы кейінгі өмір мектептерінде шәкірттеріне бекем тұғыр, баспалдақ болғаны анық. Нығмет Ағайдың да ұрпақтары оның ісін жалғастырып келеді. Көп жыл мемлекеттік қызметті абыройлы атқарған Шәмшаты Шиелі ауданының құрметті азаматы, Ләззаты осы мектепте біраз жыл директордың орынбасары болып қызмет етті, қазір зейнеткерлер.
Маған сабақ бермесе де ұстаз тұтқан тағы бір Ағайым Құрманәлі Оразымбетұлы. Қызылорда да қазіргі Қорқыт Ата атындағы педагогика университетінің (ол кезде институт) математика факультетін бірген еді. «Алғабас» мектебінде 9-сыныпта оқитын кезім, Құрекең Аға ауылдығы мектепте мұғалім. Сол тұста фотоаппаратпен суретке түсірумен әуестендім. Түсіру оңай да, оны сурет етіп қағазға шығару біршама уақыт алар, әуресі көп жұмыс. Құрекең кәнігі ұстаз емес пе, осы әурешілігімді байқапты. 9 – 10-сыныптар осыған дейін алған біліміңді бекітетін, келешек жоғары білім алуға дайындықты тиянақтай түсетін жауапты кезең. Бір күні үйге әдейі келіп маған «Өнерді үйрен де жирен» деген мақалдың мәнісін білесің бе деп тосын сұрақ қойды. Менің күмілжи берген жауабыма ағай қанағттанбады және қатулана сөйлеп, ол мақалдың мағынасын миыма құйып берді. Адамның алдына қойған үлкен мақсаты болуы керек, сол жолда оны алдаңдатар әр нәрсе кездесуі мүмкін. Ол нәрсені қосымша үйреніп алған пайдалы да шығар, қажет болса тағы жаңасын үйреніп ал,бірақ негізгі нысанадан ауытқымай әрі қарай жүру керек. «Өнерді үйрен де жирен» деген осы деп шегеледі ұстаз. Бұл менің өмір бойы есімненшықпайтын сабақ болды. Фотоаппарат саңлауынан сығалау өмірге, әсемдікке суреткерлік үлкен көзбен қарауды үйретті, бірақ ол менің қосымша пайдалы әуес өнерім болып қалды. Ал осы Құрманәлі Оразымбет ұлағатты ұстаздың алдынан қаншама шәкірт өтті...
«Алғабас» мектебінде алты жыл бойы сынып жетекшіміз болған Машрап Бижігітұлы бастаған небір қадірменді ұстаздарым туралы әңгіме бөлек.
№214 орта мектептің кейінгі жылдардағы білім беру көрсеткіштері жоғары. Түлектер Амангелді Оңалов, Алтыншаш Маханбетова, ШұғылаНұржігітқызы, Нұрдина Досмағанбет, Асылзат Өртай, Жаннұр Нұрланқызы, Әсемай Аққасинова, Ақбөпе Тұрысбек, Диана Сейітжапбар, Сәбира Сәбитқызы, Іңкәр Сақтаған«Алтын белгі» иегерлері, Бижамал Қалдыбекова, Алуагүл Құлтаева, Шынар Тұрсынбетова «Күміс белгі» иегерлері, Салтанат Қожаева, Шолпан Ахметова, Мөлдір Әлжанова, Сабыт Еген, Мейірім Сайпырхан, Аружан Есенәліқызы, Шарапат Тәжиева, Нұрдәулет Жұмат, Айым Қалышбек«Үздік аттестат» иегерлері атанды. Биыл мектеп бітірген 24 түлектің 22-сі ҰБТ-ға қатысқан және солардың бәрі жоғары оқу орындарына өздері қалаған мамандықтары бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алды.Бұрынғы жылдардағы көрсеткіштер де жоғары болған. Бұл әр жылдардағы ұстаздардың және қазіргі мектеп басшылары – Бақытжамал Қалдыбек, директордың орынбасарлары Мейрамбек Сапаров, Айзат Алданазарова,Ақылбек Пірімбетов басқарған алпыс сегіз мұғалімнің шәкірттерге білім және тәрбие, үлкен өмірге бағыт-бағдар берген күнделікті тиянақты еңбегінің жемісі. Білім берген, әр берген аяулы білім ордасына алдағы кезде де жоғары жетістіктер тілейміз.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
№214 мектептің 1963 жылғы түлегі,
журналист-заңгер,
ҚР мәдениет қайраткері,
Қызылорда облысының Құрметті ардагері,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы.
АСТАНА

27 қыркүйек 2023 ж. 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930