Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанға келген ресейліктер не істеп жүр?

Қазақстанға келген ресейліктер не істеп жүр?


Фото: Halyq Uni

Шекарадағы ұзын-сонар кезек, пәтер бағасының қымбаттауы мен қазақстандықтардың үрейі. Бүгін Ресейдегі мобилизацияға бір жыл болды, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Былтыр дәл осы күні көрші елдегі мобилизация туралы хабар тарады. Миллиондаған ресейлік елден кетуге бекінді. Тек алғашқы күні-ақ 5 мыңнан астам адам Қазақстан шекарасын кесіп өтті. Былтыр кыркүйекте елімізге 406 мың ресейлік кірген, олардың көпшілігі белгілі себептерге байланысты 21-30 қыркүйек аралығында болды. 21 қыркүйекке дейін ресейліктердің орташа тәуліктік иммиграциясы күніне шамамен 8-9 мың болса, онда бұл күндері тәуліктік ағыны 30 мың адамға жеткен еді.  

Бұл көштен бері бір жыл өтті. Осы аралықта қанша ресейлік елде қалды, қаншасы кетті, ең бастысы олар Қазақстанда не істеп жүр деген сауал туындайды.
 
18 МЫҢҒА ЖУЫҚ РЕСЕЙЛІККЕ ТҰРАҚТЫ ТҰРУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛДІ
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 22 қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанға Ресейдің 2 995 643 азаматы кірген. 
Осы аралықта 17 901 адам елде тұрақты тұруға рұқсат алған, сондай-ақ 3 041 ресейлік, оның ішінде 1 203 этникалық қазақ ҚР азаматтығын алыпты. 
Ведомство мәліметінше, ресейліктердің арасында еліміздің заңнамаларын бұзғандары да бар. Мәселен, қөші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Ресейдің барлығы 5 474 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 352 адам елден шығарылған екен. 

ЕМХАНАЛАРҒА 98 МЫҢҒА ЖУЫҚ РЕСЕЙЛІК ТІРКЕЛДІ
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап РФ-ның 97 800 азаматы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарына тіркелген. Сонымен қатар 649 пациент стационарлық емге жүгінгені белгілі болды.

Ресей азаматтарының диспансерлік есепке алынғандары бойынша және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдері туралы ақпарат беру мүмкіндігі жоқтығын хабарлаймыз. Одан бөлек, шетел азаматтары, оның ішінде РФ азаматтары ерікті медициналық сақтандыру және жүктелген медициналық сақтандыру шеңберінде көмекке жүгіне алады, - деді министрлік.

4,5 МЫҢ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК САТЫП АЛДЫ
Әділет министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2022 жылдың 22 кыркүйегінен бастап осы күнге дейін Қазақстанда РФ-ның заңды тұлғаларының қатысуымен 114 коммерциялық заңды тұлға тіркелген. 

Осы аралықта жеке тұлғалардың қатысуымен 5 977 коммерциялық занды тұлға, сондай-ақ 15 филиал мен өкілдік тіркелгендігін хабарлаймыз, - деді министрлік. 

Бұған қоса мобилизация басталған күннен бүгінге дейін Ресейдің 4 583 азаматы Қазақстанда жылжымайтын мүлік сатып алғаны белгілі болды. 

Айта кетейік, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорынан 2022 жылғы 22 қыркүйектен бастап 2023 жылғы 10 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының аумағында Украинаның заңды тұлғаларының қатысуымен – 5 коммерциялық заңды тұлға тіркелген, Украинаның жеке тұлғаларының қатысуымен – 218 коммерциялық заңды тұлға тіркелген.  

Еліміздің мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық деректеріне сәйкес 2022 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін Ресей Федерациясыңң 3 388 азаматы салық төлеуші ретінде тіркелген. Оның ішінде 3 341-і жеке кәсіпкер және 41-і заңды тұлға.
 
ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША РЕСЕЙЛІК ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР? 
Бұл сұрақты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадық. Ведомство Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 97-бабының 1-тармағын алға тартты. Оған сәйкес, одаққа мүше мемлекеттің жұмыс берушілері және жұмысқа   тапсырыс берушілері мүше мемлекеттердің еңбекшілерін ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей, еңбек қызметін жүзеге асыруға тартуға құқылы. Бұл ретте мүше мемлекеттер еңбекшілерінің жұмысқа орналасу мемлекетінде еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алуы талап етілмейді.

Шарттың 97-бабының 2-тармағына сәйкес Ұлттық қауіпсіздікті (оның ішінде стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы) және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Шартта және мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген шектеулерді қоспағанда, мүше мемлекеттер ұлттық еңбек нарығын қорғау мақсатында, мүше мемлекеттердің еңбекшілері жүзеге асыратын еңбек қызметіне, олар айналысатын жұмыс түріне және болу аумағына қатысты шектеулерді белгілемейді және өздерінің заңнамасында белгіленген шектеулерді қолданбайды. Осыған байланысты, Министрлікпен жұмыс істейтін Ресей азаматтары туралы есеп жүргізілмейд», -деді министрлік. 

Тек шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат алған шетел азаматтары бойынша есеп «Шетелдік жұмыс күші» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жүргізіледі. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстан аумағында 14 571 шетелдік маман жұмыс істейді. 

Сондай-ақ министрлік, 2023 жылы жұмыс берушілер Ресей Федерациясының 30 мыңға жуық азаматы үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлегенін хабарлады. 

ҚР Әлеуметтік кодексінің 10-бабының 1-тармағына сәйкес кодексте  белгіленген жағдайлар туындаған кезде адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік қорғау беріледі. Бұл ретте, әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақыларды, зейнетақы төлемдерін тағайындау түріндегі әлеуметтік қорғауды ҚР азаматтары, ҚР-да тұрақты тұратын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар алуға құқылы.

Бұл талаптар ЕАЭО елдерінен уақытша келетін шетелдік азаматтарға қолданылмайды. Шарт шеңберінде мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік сақтандыру (зейнетақыдан басқа) мәселелері жұмысқа орналасу мемлекетінің азаматтары сияқты шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады. Осыған сәйкес, әлеуметтік сақтандыру еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайында және ана болуына байланысты міндетті сақтандыру, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан міндетті сақтандыру және міндетті медициналық сақтандыру жағдайында қамтамасыз етіледі, - делінген министрліктің жауабында.

Естеріңізге сала кетейік, ішінара жұмылдыру кезінде ресейліктердің елімізде сапалы қызмет алып, өздерін жайлы сезінуі үшін жағдай жасады. Мәселен, телеграм желісінде Ақтөбе, Атырау, Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Паводар, Петропавл, Өскемен, Шымкент қалаларындағы релоканттарға арналған арналар ашылды. Онда Қазақстан туралы қажетті мәлімет, банк картасын ашу, ықтияр хатқа құжат тапсыру, азаматтық алу, пәтер табу, жұмысқа орналасу және т.б. мәселелер бойынша ақпарат берілді. Сондай-ақ ең бастысы жергілікті халықты құрметтеу, қазақ тіліне құрметпен қарау, елде жиі қолданылатын сөздердің қазақша-орысша сөздігі сияқты нұсқаулықтар жарияланып отырды.

Осы кезеңде еліміздің 8 өңірінде халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген режимде жұмыс істей бастады. Тіпті, кейбір өңірлерде тек шетелдіктерге қызмет көрсететін уақытша орталықтардың жұмысы ұйымдастырылды. Ал қоғамдық ұйымдар мен еріктілер қозғалыстары оларға түнейтін жерлерді тауып, ыстық тамақ берді. Қазақстандықтардың арасында ресейліктерді үйіне түнетіп, жәрдемдескендері де болды.

Сонымен қатар ресейліктерге қымбат бағаға жалға беру үшін пәтерінде тұрып жатқан қазақстандықтарды үйсіз қалдырған отандастарымыз да болды. Айта кетейік, ресейліктердің келуімен Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы аренда бағасы өсті, пәтер ақысы екі есеге қымбаттады. Кейбір пәтер иелері мүлкін қымбатқа тапсыру үшін тұрып жатқан адамдардан үйді босатуын талап етті. Бұл қазақстандықтардың ресейліктердің келуін негативті қабылдауының бір себебіне айналды.
22 қыркүйек 2023 ж. 230 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031