Кеше елорданың «Қазмедиа орталығында» 20-22 қыркүйекке жоспарланған VII Astana media week 2023:«Media power: тенденциялар, өзгерістер, этика» тақырыбында қазақстандық медиа апталығы ашылды. Апталықтың салтанатты ашылуына отандық медианың топ менеджерлері, телеарна басшылары, ақпарат саласының үздіктері, сарапшылар, аймақ журналистері, баспасөз хатшылары, өңірлік коммуникация мамандары, сондай-ақ Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Жапония, Корея, Әзербайжан, Ресей елдерінен арнайы шақырылған танымал журналистер мен продюсерлер қатысты. Барлығы жүзден астам маман жиналды.
Әлемді жайлаған пандемиядан соң екінші рет ұйымдастырылған биылғы бұл жиын ақпараттық кеңістіктегі этика мен жауапкершілікке, блогерлік саланы реттеуге, жалған ақпаратқа қарсы тұруға бағытталып отыр. Үш күнге созылатын жиын барысында жиырмадан астам талқылау жоспарланған.
«Медиа қоғамдық өмірдің барлық саласына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформация мен цифрландыру, жаңа платформалар мен коммуникация құралдары, ақпаратты беру әдістері үнемі жаңарып отырады. Бұл осы сала мамандарын үнемі дамуға, алға ұмтылуға жетелейді. Сондықтан медиа апталықтың отандық индустрияға оң әсерін жоғары бағалаймын» деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева алдын ала жазылып алынған онлайн құттықтау сөзінде.
Апталықтың ашылу салтанатына келген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Қанат Ысқақовтың айтқанындай, мұндай алаң ең алдымен отандық бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға, контентті жақсартуға, отандық медианарықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жұмыс істеу керек. Біз әңгімеге тартқан ҚР Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай да мұндай талқылаулар ең алдымен ақпарат алмасу үшін арнайы алыстан келіп отырған өңірлердегі журналистерге пайдалы болу керек. Бірақ шын мәнінде сондай ма?
Мәселен, апталықтың бүгінгі бірінші күнінде өткен «Цифрлық жауапкершілік және масс-медиа қауіпсіздігі: сын-қатерлер, реттеушілер, заңдар мен бастамалар» тақырыбындағы пленарлық отырыс спикерлері «Мир» халықаралық телеканалы төрағасының орынбасары Екатерина Абрамованың, Түркия радиотелевизия корпорациясының басқарма директоры Мехмед Захидтің, сондай-ақ Қырғыз Ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиевтің өзіне берілген уақыттың басым бөлігін өздері басқаратын медиаорталықтың жұмыс барысымен таныстыруына арнауы тақырыптық талқылаулардың мазмұны ашылмай қалғанын және өз деңгейіне әлі де жетпей жатқанын аңғартқандай.
«Медиа трансформация», «Қазіргі телеарнаның цифрлық контурындағы жарнама» тақырыбында өткен панельдік сессия отырыстарында да нақты ұсыныстар мен креативті ой-пікірлерден гөрі жалпыға белгілі ойлар айтылып, біз күткен жылдам өзгеретін медиа орта контексінде дәстүрлі медиа алдында тұрған өзекті сын-қатерлер тақырыбы соңғы он жыл көлемінде айтылып келе жатқан телевизия мен интернетте әлеуметтік желілер арқылы жасалатын контентті салыстырумен шектелді десек болады. Әйтсе де жасанды интеллекттің медиаға әкелетін жаңалықтары мен мүмкіндіктері, сондай-ақ бүгінгі кино және оның сатылу мәселелерін аудитория қызығушылықпен қабылдады. Бұл ретте телеарналар түсіріп жатқан қазақ тілді фильмдер мен сериалдардың табыстылығы да оң әсер ететінін айтуымыз керек.
«Сыни тұрғыдан ойлау: неге біз көргенімізге, естігенімізге және оқығанымызға сенбейміз» тақырыбымен өткен еркін форматтағы медиа талқылау барысында бүгінгі ақпараттық манипуляция, ойдан шығарылған ақпарат пен шындықты ажырату үшін сыни тұрғыдан ойлаудың маңыздылығына алда жазылатын арнайы сараптамада толығырақ тоқталамыз.
Актуалды мәселелерге креативті ұсыныстарды ертеңгі өңірлік БАҚ форумынан күтеміз. Онда «Цифрлық дәуірдегі журналистер жұмысының ерекшеліктері: жылдамдық, ақпарат көлемі, бәсекелестік» тақырыбында бірінші сессия, «Ең рейтингтік өңірлік жобалардың ULGI кейстері» екінші сессияда талқыланады. Сондай-ақ «Медиа құндылықтардың эволюциясы және жаңа этика» тақырыбында ойлар ортаға салынады. Сонымен қатар қоюшы-суретші Юлия Кравченконың «Баламалы шындық» диджитал көрмесі мен «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің премьерасы көрсетіледі.
Апталықтың үшінші күні баспасөз хатшыларына арналады. Онда «Шындық немесе өтірік: фактчекинг саясаткерлер мен мансапшылар үшін қорғаныс ретінде», «PR және баспасөз қызметтеріне арналған ақпаратты бақылау жүйесінің заманауи құралдары», «Жасанды интеллекттің болашағы, жеке брендинг және қоғамдық қарым-қатынастардағы дағдарысты басқару», «Сенім дағдарысы ма, әлде коммуникация дағдарысы ма» тақырыптары талқыланады. Сонымен қатар «Үркер» ұлттық сыйлығы табысталады.
Айта кетейік, «Үркер» ұлттық сыйлығына үміткер республика бойынша үздік басылымдар қатарында қолыңыздағы облыстық «Сыр бойы» қоғамдық-саяси газеті де бар.
Айжан Жұмабекқызы.
Астана қаласы