Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Үркер» сыйлығын марапаттау шарасы басталды

«Үркер» сыйлығын марапаттау шарасы басталды


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазмедиа» орталығында «Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты шарасы басталды. Ең алдымен, БАҚ саласының ардагерлері, тілшілер қауымы қызыл кілеммен жүріп өтті.

Өтінімдер 2019 жылдың 25 мамыры мен 20 маусымы аралығында www.urker-awards.kz ресми сайтында орналастырылған үлгіге сәйкес қабылданды.

Ұлттық сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі. Сонымен қатар, аталған сыйлық өңірлердегі мультимедиалық журналистиканы дамытуға ықпал ету, журналистика мәртебесін арттыру, кәсіби стандарттар мен критерийлерді бекіту, қоғамның азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Ұлттық сыйлықтың негізгі мақсаты – талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестерін тану және шығармашылықтарына қоғамның назарын кеңінен аудару.

Сыйлықтың құрылтайшысы және ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

2019 жылы өтініштер келесідей номинациялар бойынша қабылданды:
1) Жыл фотографиясы;
2) Жыл репортажы;
3) Жыл аналитикалық материалы;
4) Жыл журналистік зерттеуі;
5) Жыл сұхбаты;
6) Қазақстан туралы жылдың танымдық материалы;
7) Жыл радиостанциясы;
8) Жыл ақпараттық порталы;
9) Жыл газеті;
10) Жыл журналы;
11) Жыл new media (telegram-канал, әлеуметтік желілердегі үздік ақпараттық паблик).

Осы жылы дәстүрлі номинациялардан бөлек, «Жыл new media» номинациясы тағайындалып отыр. Бұл номинацияға қатысу үшін танымал ақпараттық telegram-каналдар және әлеуметтік желілердегі белсенді топтар мен пабликтер өтінім берді.

Үздіктерді арнайы құрылған комиссия айқындады. Комиссия құрамына еліміздің медиа саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал медиа менеджерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері кіреді. Жеңімпаздарға 1 000 000 теңге және сыйлықтың арнайы естелік мүсіншесі табысталады.

Еске сала кетсек, баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығы алғаш рет2017 жылы тағайындалды. Екі жыл ішінде еліміздегі белді басылымдар, интернет-порталдар мен журналистерге жалпы саны 26 сыйлық табысталды. Олардың ішінде ақпараттық агенттіктер, өз оқырманы қалыптасқан тақырыптық басылымдар да болды.
28 маусым 2019 ж. 707 0