Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Маңғыстау облысының әкімін қабылдады

Маңғыстау облысының әкімін қабылдады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының  әкімі Нұрлан Ноғаевты қабылдады.

Президентке Маңғыстау облысының биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алдағы жоспарлары баяндалды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысына есепті кезең ішінде өңірде жалпы сомасы 5,3 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылғанын айтты. Жалпы, қаңтар-шілде айларында өңірдің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 523 миллиард теңгені құрады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына ауызсу тапшылығын шешуге қатысты тапсырмасының орындалу барысы туралы  мәлімет берілді. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін облыста 2025 жылға дейін 6 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде тұшытылған судың көлемін 146 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ Президентке Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру және инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына (МАЭК) күрделі жөндеу жүргізу мәселелері жөнінде баяндалды.
МАЭК-ке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл 9,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 6,8 миллиард теңге МАЭК-тің инвестициялық бағдарламалары аясында, ал 2,6 миллиард теңге Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен бөлінді. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен қажетті қондырғыларды сатып алу үшін 4,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыс әкіміне Маңғыстау өңірі энергетикалық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясындағы міндеттерді іске асыруды тапсырды.

«БРИКС плюс» диалогы отырысына қатысады

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 24 тамызда, яғни бүгін  Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирила Рамафосаның шақыруымен 15-ші БРИКС саммиті аясында Йоханнесбургте өтетін мемлекеттер басшыларының «БРИКС плюс» диалогы отырысына бейнебайланыс арқылы қатысады.

Жиында Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде сөз сөйлейді.

ЖАУАПТЫ НАУҚАНҒА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Сейсенбіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқаны, жем-шөп дайындау барысы, алдағы жылу маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің баяндауынша, биыл егін орағын уақытылы бастауға мүмкіндік бар. Бүгінде республика бойынша 2,4 млн гектар немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Орта түсім гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 млн тонна астық бастырылды. Биыл жалпы 24 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары  жиналмақ.
Алдағы жылу маусымына дайындық барысы туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасап, бекітілген кестеге сәйкес еліміздің электр стансаларында 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланғанын айтты. Қазір 4 энергия блогында, 24 қазандықта және 15 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ә.Смайылов жиынды қорытындылап, жоспарланған жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Үкімет отырысынан кейін Премьер-министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында өткізілген мәжілісте сала басшыларына дайындық жұмыстарын уақытылы жүргізіп, жылу беру маусымын кедергісіз бастау міндеті жүктелді.
24 тамыз 2023 ж. 190 0