Президент облыс әкімін қабылдады
Қазақстан Президентіне биылғы 9 ай ішіндегі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп берілді.
Гүлшара Әбдіқалықова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарының әзірленуі туралы мәлімет берді. Онда экономиканың түрлі салалары бойынша құны 271 миллиард теңге болатын 265 жобаны жүзеге асыру және 4610 тұрақты жұмыс орнын ашу қарастырылуда. Облыс әкімінің айтуынша, биыл жалпы құны 26 миллиард теңге болатын 110 жоба іске асырыла бастаған. Бұл бастамалар аясында 2000 жұмыс орны ашылады.
Қазақстан Президентіне 15,5 мың гектар жерге егілген дәнді және майлы дақылдарды жинау науқанының аяқталғаны жөнінде ақпарат берілді. 551,3 мың тонна күріш жиналып, жақсы көрсеткішке қол жеткізілген.
Облыс әкімі Мемлекет басшысына Жұмыспен қамту жол картасының іске асырылу барысы туралы айтты. Бұл бағдарлама аясында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін 38 миллиард теңге тартылып, 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстағы коронавируспен күреске қарсы қабылданған шаралар туралы баяндалды. Өңір әкімінің айтуынша, қазіргі таңда барлық медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда 21 жұқпалы аурулар стационарында қосымша 3200-ге дейін төсек орын дайындауға мүмкіндік бар. Аймақ қажетті дәрі-дәрмектермен және қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Гүлшара Әбдіқалықова Президентке 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы басталғанын жеткізді. Нысан осы жылдың 1 желтоқсанына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкіміне қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім көрсеткішін жақсарту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, экономикалық жобаларды әртараптандыру қажеттілігіне қатысты бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ Президент өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Аkorda.kz