Бір табын жылқы опырылған жыраларға кептеліп, қырылып қалды
Абай облысында бір табын жылқы өзен өткелдеріндегі қазылған аймақтан шыға алмай қырылып қалды. Тұрғындар бұған су қоймаларының жанынан жерді техникалармен ретсіз қазған заңсыз алтын өндірушілерді кінәлауда. Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Абай өңірінде заңсыз жер қазып алтын іздеушілердің кесірінен тұтас бір табын жылқы қырылып қалған. Олардың өткелді тереңдеткені сонша, қойшылар жайлауға айдаған үйір жылқылар батып кеткен. Жергілікті шаруалар шарасыз. Олардың айтуынша, жер қазушылардың кесірінен мұндай оқиғалар жиілеп кеткен.
«Біздің қыстауымыз Жарма ауданында. Ал жазғы жайлауымыз Көкпекті өңірінде. 21 жыл бойы жылқыларды бір жолмен айдап келеміз. Бірақ алтын қазушылардың Қойтас ауылы маңындағы өзен жағасын ауыр техникамен қазып алғаны сонша, үлкен жыралар пайда болған. Оларға өзеннен өтпек болған аттар кептеліп қалған. Осылайша 57 жылқы суға батып кетті», – деді “Тайлақ” шаруашылық басшысы Олжас Ерсінов.
Жергілікті тұрғындар бұл мәселе бойынша шенеуніктерге бірнеше рет шағымданған. Олар аудан әкімдігіне өзен бойындағы сайларды жауып, жағасын қалыпқа келтіруді сұраған. Бірақ шұңқырлар одан да үлкейе бастаған екен. Енді жылқылар өлген жерге экология департаменті, полиция, прокуратура өкілдері бармақ. Олар тексеріп, нәтижелері кейінірек жарияланатынын жеткізді.