Әлеуметтік баспана һәм киелі орындар
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапары кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алынатын 50 тұрғын үйдің дайындығымен танысты.
Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде «Тұрғын үй саласындағы іс-шараларды іске асыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алуға Ұлттық қордан Қармақшы ауданына 480 млн теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға аудан орталығынан 50 тұрғын үй сатып алу жоспарланған.
Бүгінгі күні 12 үй пайдалануға беруге дайын. Әрбір пәтердің орташа аумағы – 60 шаршы метр.
Аймақ басшысы қалған үйлерді де уақытылы пайдалануға беріп, дайындық жұмыстарының сапасын жіті қадағалауды тапсырды.
Облыс әкімі Қармақшы ауданына жұмыс сапарында киелі орындардың жағдайымен танысты. Оларды жөндеу, жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын көрді.
Алдымен аймақ басшысы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде болды. 2014 жылы кешеннің музей, қылует (тілеухана), амфитеатр, стелла, қошқар мүсіні қайта жаңғыртылған болатын. Қобыз бейнелі, төрт элементтен тұратын стелланың биіктігі 12,1 метр, ені 5,3 метр, Қордай гранит тасынан жасалған.
Облыс әкімі бұған дейін де нысанда қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекемеге жөндеуді қажет ететін, бұзылған тұстарды қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бұл ретте кешенде әлі де жұмысты пысықтау қажеттігін ескертті.
Мұнан әрі Нұрлыбек Машбекұлы Марал ишан кесенесіне барды. Үш жүзге пір болған Марал ишан (1780-1853) Қостанай өңірінде туған, Қармақшы ауданында қайтыс болған.
Марал ишан – дін ғұламасы, халыққа шын ықыласымен берілген әулие кісі. Тарихи мәліметке сүйенсек, 1841-1845 жылдары азаттық үшін күрескен Кенесары ханға қолдау көрсеткендердің бірі. Ишан мешіт салып, бала оқытқан. Бүгінде кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізіміне, Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасына енгізілген. Кесене туралы ақпарат енгізілген QR-код тақтайша орнатылған. Алдағы уақытта Марал ишан кесенесіне апаратын жол салу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, арнайы мамандардың тексеруінен кейін кесененің бүгінгі қалпын сақтап қалу үшін жөндеу жасалмақ.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Жаңақорған ауданына жұмыс сапарында Хорасан ата кесенесінің жай-күйімен танысқан еді. ХІV ғасырда салынған кесене киелі орындардың біріне айналған. Ел арасында мұнда келушілер кесене жанындағы құдықтан су ішіп, дертінен айығады деген сенім бар.
Аймақ басшысы бұл аумақ демеушілер көмегімен абаттандырылатынын айтты. Барлық жөндеу, жаңғырту жұмыстары сапалы жүргізілуі тиіс екенін ескертті.