Баспана және азық-түлік мәселелері қаралды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасының 44 – тармағының іске асырылуы жөніндегі Республикалық штаб отырысында 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге қатысты болды. Жауапты сала басшылары баяндама жасап, тиісті тапсырма алды.
Штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткізген мәжілісте берілген тапсырмалардың өңірде орындалуы талқыланды. Аймақ басшысы Қызылорда облысында 2023-2029 жылдары қаржыландырудың барлық көздерінен 5041,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланғанын атап өтті.«Биылғы төрт айда аймақта 174,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,4%-ға тең. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл қаржыландырудың барлық көздерінен 692,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоспар жыл аяғына дейін толығымен орындалуы керек. Осы ретте, Ерлан Кәрімбекұлы, қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жоспардың мерзімінде және толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жылды қорытындылағанда бұл көрсеткіш артығымен орындалуы керек», – деді облыс әкімі.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі