Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен пайдалануға беру мерзімі өтіп кеткен құрылыс нысандары, елді мекендердің санитарлық тазалығы мәселелеріне арналған жедел мәжіліс өтті.
Аймақ басшысы құрылысы басталған бірқатар нысандардың пайдалануға беру мерзімі кешіккенін, құрылысы аяқталмағандарының саны артқанын айтты.
«Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша облыстағы құрылыс жұмыстарының көлемі 53,7 млрд.теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 54,9 пайызға артқан. Оның ішінде әлеуметтік нысандар құрылысына мемлекеттік бюджет есебінен 46 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде өңірімізде
61 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың уақытылы әрі сапалы жүргізілуі – өзекті мәселе. Бюджет есебінен басталған әрбір нысанды тапсырыс беруші болсын, мердігер болсын, мерзімінде әрі сапалы аяқтауға барлығымыз міндеттіміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында құрылысы баяу жүргізілген нысандар, сонымен қатар инженерлік-коммуналдық желілер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мерзімінде аяқталмаған жобалар бойынша шұғыл түрде шара қабылдау тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі